Металлургтер вакцина қабылдап жатыр
Ақтөбе ферроқорытпа зауыты мен Дөң кен-байыту комбинатының жұмысшылары вакцина қабылдап жатыр.
Алматы, NEGE. Ақтөбелік металлургтер күн сайын вакцина қабылдап жатыр. 4 мыңнан аса адам жұмыс істейтін Ақтөбе ферроқорытпа зауытында қызметкерлердің 40,6% немесе 1676 адам алғашқы компенентті алса, екінші компонентті 27,4% немесе 1132 адам қабылдады.
Ал Дөң кен-байыту комбинатында алғашқы компонентті 10,1% немесе 720 адам салдырды, екіншісін – 5,8% немесе 414 адам алды.
Ақтөбе ферроқорытпа зауытының бірінші балқыту цехында рекордтық көрсеткішке қол жеткізді.
Мұнда қызметкердің 77% вакцина алған. Ақтөбе ферроқорытпа зауытындағы жақсы көрсеткіш өз нәтижесін беріп жатыр. Мұнда коронавирус жұқтырғандар саны төмендеді.
«COVID-19-ға қарсы вакцина алу немесе алмау – бұл әркімнің жеке шаруасы. Бірақ зауыт қызметкерлерінің бұл мәселеге жауапкершілікпен қарап, екпе алып жатқандарына ризамын. Әркім өзінің және жақындарының денсаулығына жауапты. Мұны естен шығармаған жөн», – дейді «Қазхром» ТҰК» АҚ президенті Арман Есенжолов.
Жұмысшылар медицина орталығында және зауыт аумағындағы медицина бөлмесінде вакцина алып жүр. Сондай-ақ, компания басшылығы 22-маусымнан бастап екпе алған қызметкерлердің еңбек демалысына 1 күн қосуға шешім қабылдады.
Медицина орталығының қызметкерлері тұрақты түрде цехтарды аралап, ұжымдарымен кездеседі, екпе алудың қажеттілігі мен сырқаттың салдары туралы айтып жүр.