Месси әлем чемпионаттары тарихында гол саны бойынша жаңа рекорд орнатты
Аргентина құрамасының шабуылшысы Лионель Месси әлем чемпионаттары тарихындағы үздік сұрмерген атанды.
Астана, NEGE. 22 маусымда Аргентина құрамасы J тобының екінші турындағы матчта Аустриямен кездесті. Аргентиналықтар Аустрияны 2:0 есебімен жеңіп, плей-офф кезеңіне жолдаманы мерзімінен бұрын иеленді. Команда капитаны Лионель Месси дубль авторы атанды.
38-минутта Месси шабуылға қосылып, қорғаушы Факундо Мединаның пасын бірден голға айналдырды. Бұл гол Мессидің 2026 жылғы әлем чемпионатындағы төртінші, ал әлем чемпионаттарындағы 17-голы болды.
Осылайша, 38 жастағы шабуылшы әлем чемпионаттарында 16 гол соққан германиялық Мирослав Клозенің рекордын жаңартты.
Екінші таймның қосымша уақытында Месси Аустрия қақпасына екінші рет гол салды.
Бұл оның әлем чемпионаттарындағы 18-голы болды. Кездесу қорытындысы бойынша Месси матчтың үздік ойыншысы атанды.
«Бұл жеңіске өте қуаныштымын. Бұл өте маңызды, лайықты және үлкен еңбекпен келген жеңіс. Бұл бізге алдағы ойындар алдында сенімділік береді. Бұл – әлем чемпионаты, сондықтан әр матч тартысты әрі қиын өтеді. Алты ұпай жинап, келесі кезеңге өткенімізге қуаныштымыз», – деді матчтан кейін Месси.
28 маусымда өтетін үшінші турда Аргентина құрамасы Иорданиямен ойнайды.