Мешітте балаларды ұрған ұстазға қатысты қылмыстық іс қозғалды
Алматы облысы Қарасай ауданындағы «Түркістан-1» мешітінің ұстазы Дүйсенхан Нұрберді жасөспірімдерге күш қолданғаны түсірілген видео тарағаннан кейін қызметінен босатылды. Полиция бұл факті бойынша қылмыстық іс қозғады.
Астана, NEGE. Әлеуметтік желіде мешіт ұстазының сабақ кезінде бірнеше жасөспірімді ұрғаны көрсетілген бейнежазба тарады. Полицияның мәліметінше, оқиға 2 маусымда Қаскелеңдегі мешіт аумағында болған.
«Кәмелетке толмағандарға дене жарақатын салу фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Қазір кәмелетке толмағандар мен олардың ата-аналарымен қажетті процессуалдық әрекеттер жүргізіліп жатыр. Тергеу полицияның бақылауында. Ұстаздың әрекетіне заңға сәйкес құқықтық баға беріледі», – деп хабарлады Алматы облысының полиция департаменті.
Ал Алматы облысындағы ҚМДБ өкілдігінің баспасөз қызметінің ресми мәлімдемесіне сәйкес, видео маусым айының басында «Түркістан-1» мешітінде өткен діни сауат ашу курстары кезінде түсірілген.
«Оқиға туралы ақпарат белгілі болғаннан кейін арнайы жиын өткізіліп, онда жағдайдың мән-жайы жан-жақты қаралды. Дүйсенхан Нұрберді өз қателігін мойындап, өкінішін білдіріп, ата-аналардан кешірім сұрады. Ата-аналардан бұл жағдайға қатысты ешқандай талап-арызы мен шағымы жоқ екені туралы жазбаша өтініштер мен бейнежазбалар алынды», – делінген ҚМДБ өкілдігінің мәлімдемесінде.
ҚМДБ-ның №2290 бұйрығына сәйкес Дүйсенхан Нұрберді мешіт ұстазы қызметінен босатылған.
Қылмыстық іс аясындағы тергеу жалғасып жатыр.