Mercedes-Benz-тің Германиядағы зауыттары жабылуы мүмкін
Германияның Mercedes-Benz автоконцерні елдегі зауыттарына жаңа инвестиция салуды тоқтатып, өндіріс орындарын жабуды қарастырып жатыр. Бұған Германиядағы автомобиль өндірісінің қымбаттауы және еңбек шығындарын қысқарту жөніндегі келіссөздердің нәтиже бермеуі себеп болған.
Астана, NEGE. Reuters агенттігінің хабарлауынша, компания басшылығы қызметкерлерге жолдаған хатында Германиядағы барлық өндіріс орынына қосымша инвестиция салуды уақытша тоқтату туралы шешім қабылдағанын мәлімдеген.
Mercedes-Benz-тің өндіріс жөніндегі басшысы Михаэль Шибе кәсіподақтармен және қызметкерлер өкілдерімен еңбек шығындарын азайту мәселесінде ортақ келісімге келе алмағанын айтқан. Ал компанияның басқарма мүшесі Бритта Зегер зауыттарды жабудан барынша қашуға тырысатынын, алайда қазір мұндай жолды да қарастыруға тура келіп отырғанын жеткізген.
Бұған дейін, қыркүйекте, компания басшылығы шығындарды қысқарту бойынша ілгерілеушілік болмаса, Германиядағы екі зауыт жабылуы мүмкін екенін ескерткен.
Бұл шешім Германияның автомобиль өнеркәсібіндегі дағдарыс тереңдеп бара жатқан тұста қабылданды. Мәселен, өткен аптада автокомпонент өндіруші Schaeffler Еуропадағы бес өндіріс орнын жабатынын және 3 460 қызметкерді қысқартатынын жариялаған. Оның төртеуі Германияда орналасқан.
Сарапшылардың болжамынша, Қытай нарығындағы бәсекенің күшеюі мен өндіріс шығындарының өсуіне байланысты 2030 жылға қарай Германияның автомобиль өнеркәсібінде кемінде 200 мың жұмыс орны қысқаруы мүмкін.