USD
USD
USD

Mercedes-Benz көлігі, жан басына шаққандағы табысы 356 мың болатын отбасыға жәрдемақы берілмейді

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаев қазақстандықтардың әл-ауқат деңгейі қалай бағаланатынын және қандай отбасыларға әлеуметтік көмек берілмейтінін түсіндірді.

Әлеуметтік төлемдер тақырыбындағы брифинг
Фото: Орталық коммуникациялар қызметі

Астана, NEGE. Министр орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте биылғы 30 қыркүйекте әлеуметтік әл-ауқат деңгейін айқындаудың жаңа әдістемесі бекітілгенін, оның 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енетінін атап өтті.

Жаңа әдістеме, Ертаевтың сөзінше, екі компоненттен тұрады: материалдық әл-ауқат және әлеуметтік тұрақтылық. Материалдық әл-ауқатты бағалау алты бағыт бойынша 59 көрсеткішті қамтиды. Мұнда кіріс және жұмыспен қамту, мүлік, көлік, бизнес, ауыл шаруашылығы және кредиттер есепке алынады. Барлық мәлімет мемлекеттік базадан алынады, ел тұрғындарынан қосымша анықтама талап етілмейді.

Сондай-ақ министр әл-ауқатты бағалау кезінде отбасындағы бала саны, қарт адамдар мен мүгедектігі бар адамдардың бар-жоғы ескерілетінін айтып өтті.

«Республикалық бюджеттен қаржыландыратын 36 түрлі жәрдемақының тек 14 түріне ғана мұқтаждық критерийі енгізіледі. Олардың қатарында балалы отбасыларға берілетін жекелеген төлемдер, мүгедектікке, күтімге, асыраушысынан айырылуға байланысты жәрдемақылар, жерлеуге берілетін төлемдер және арнаулы мемлекеттік жәрдемақылар бар. С, D және Е санатындағы отбасылар аталған төлемдерді алу құқығын сақтайды. А және В санатындағы отбасылар үшін бұл төлемдерді алу мүмкіндігі шектеледі. Қалған 22 түрлі жәрдемақы бұрынғы тәртіппен тағайындалады», – деді Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі.

А санатына қандай отбасы енеді?

Ертаевтың айтуынша, А санатына әл-ауқаты жоғары 329 мың үй шаруашылығы кіреді екен. Олардың қатарында ірі бизнес, агрохолдингтер мен жылжымайтын мүлік иелері бар. 

А санатына кіретін отбасылар мына шарттар арқылы анықталмақ:

  • Отбасының әр мүшесіне шаққандағы айлық табыс – кемінде 350 мың теңге.

  • Бір адамға шаққандағы тұрғын үй көлемі 120 шаршы метрден асады, бірнеше пәтері немесе үйі болуы мүмкін.

  • Ірі кәсіпорны, екі немесе одан көп орта кәсіпорны не үш және одан көп шағын кәсіпорны болуы мүмкін.

  • Rolls-Royce, Bentley, Ferrari, Lamborghini, Maybach, Porsche сияқты люкс санатындағы көлігі болуы ескеріледі.

  • Ауыл шаруашылығымен айналысса, 300 гектардан астам жері болуы мүмкін.

  • Мал шаруашылығымен айналысса, ірі қара саны 500 бастан асатындар осы санатқа кіреді.

B санатына кіретін отбасының әл-ауқаты қалай бағаланады?

B санатына, министрдің сөзінше, ауқатты азаматтар, жоғары деңгейдегі менеджерлер және орта бизнес иелері кіреді. Олардың қатарында басшылардың орынбасарлары, бөлім және басқарма жетекшілері болуы мүмкін.

Бұл санатқа шамамен 1 миллион немесе 16 пайыз үй шаруашылығы кіреді екен.

B санатының негізгі белгілері:

  • Отбасының әр мүшесіне шаққандағы айлық табысы 305–356 мың теңге аралығында болуы тиіс.

  • Бір адамға шаққандағы тұрғын үй көлемі 60-120 шаршы метр.

  • Орта кәсіпорны немесе екі шағын кәсіпорны болуы мүмкін.

  • Land Cruiser, Lexus, Mercedes-Benz, BMW секілді премиум санаттағы көлігі бар.

  • Жүк көлігі немесе ауыл шаруашылығы техникасы болуы мүмкін.

  • Ауыл шаруашылығымен айналысса, 50-300 гектар жері есептеледі.

С санатына қандай отбасы кіреді? 

Олардың жан басына шаққандағы айлық табысы 203 мыңнан 305 мың теңгеге дейін, ал бір адамға шаққандағы тұрғын үй аумағы 40 шаршы метрден асады. Отбасында жеке кәсіпкер немесе шағын кәсіпорын болуы, сондай-ақ бұқаралық сегменттегі автокөлік болуы мүмкін. Ауыл шаруашылығымен айналысатын отбасылар үшін 5–50 гектар аралығындағы ауыл шаруашылығы жерінің болуы да ескеріледі.

«Бұл санатқа мұқтаждық критерийлері қолданылмайды. Олар жәрдемақыларды бұрын қалай алып келсе, солай ала береді. Мемлекеттік қолдау шаралары сақталады», – деді Ертаев.

Бұл санатқа шамамен 3,2 млн үй шаруашылығы жатады.

D санатына мұқтаждық критерийлері қолданылмайды

Бұл санаттағы отбасылар экономикалық тұрғыдан осал отбасы ретінде саналады. Олардың жан басына шаққандағы айлық табысы 51 мыңнан 102 мың теңгеге дейін болуы мүмкін. Сондай-ақ мерзімі өткен несиелері болуы, еңбекке қабілетті отбасы мүшелерінің жұмыс істемеуі және бір адамға шаққандағы тұрғын үй аумағының кемінде 18 шаршы метр болуы ескеріледі.

E санатындағы отбасылар 

E санаты – экономикалық және әлеуметтік осал деңгейдегі отбасылар. Бұл санатта шамамен 120 мың үй шаруашылығы бар. Мұндай отбасылардың табысы болмауы немесе кедейлік шегінен төмен болуы мүмкін. Сондай-ақ меншігінде тұрғын үй болмауы ықтимал.

«Бұл санаттағы отбасыларға қажетті мемлекеттік қолдаудың барлық шарасы көрсетіледі», – деді Асқарбек Ертаев.

Бұл санатқа шамамен 1,4 млн үй шаруашылығы жатады.

«Егер ана бала туғанға дейін жұмыс істемесе, А және В санатындағы отбасыларға республикалық бюджеттен төлем берілмейді. Ал жұмыс істемеген ана С, D немесе Е санатына жатса, оған республикалық бюджеттен тиісті төлемдер мен жәрдемақылар төленеді», – деді Асқарбек Ертаев.

I және II топтағы мүгедектігі бар адамдарға берілетін жәрдемақылар отбасының санатына қарамастан сақталады

Отбасының әл-ауқат деңгейіне қарамастан, жекелеген әлеуметтік кепілдіктер сақталады. Олардың қатарында мүгедектігі бар балаларға, I және II топтағы мүгедектігі бар адамдарға, жетімдерге, сондай-ақ жасына байланысты зейнетақы алатын, көпбалалы аналарға арналған наградалармен марапатталған аналарға берілетін жәрдемақылар бар. Министрдің айтуынша, отбасы А немесе В санатына жатса да, бұл төлемдер сақталады.

Еске салсақ, бұған дейін Үкімет басшысы Олжас Бектенов бұдан былай әлеуметтік көмек отбасының мәртебесіне емес, нақты мұқтаждығына қарай берілетінін айтқан еді. Оның сөзінше, «өзін-өзі қамтамасыз етуге мүмкіндігі бар ауқатты адамдар мемлекеттен көмек алмауы керек».

Сондай-ақ Қазақстанда екі жүзден астам азамат әлеуметтік көмекке мұқтаж болмағандықтан, жәрдемақы алудан өз еркімен бас тартқан. Олар жәрдемақы алудан бас тартатынын SMS-хабарламалар жіберу арқылы растаған.

Қазір оқып жатыр

Екі пәтер, Camry көлігі, 1,2 млн теңге жалақы: еңбек министрі отбасының табысы туралы айтты

Асқарбек Ертаев

Астанада телефонға елеңдеп, адам қағып кеткен автобус жүргізушісі 2 жылға сотталды

Автобус жүргізушісі

Қазақстанда ең жоғары 2,4 млн теңге жалақыны қандай дәрігерлер алады?

дәрігер

Қазақстанда 200-ден астам азамат көмекке мұқтаж болмағандықтан, жәрдемақыдан ерікті түрде бас тартты

Бектенов, Жұманғарин, Мәдиев