«Мен СИҚЫРШЫ емеспін...» – АБАЙ облысының әкімі тілшіміздің сұрағына жауап берді
Семей қаласында қоғамдық автобустар мәселесі НЕГЕ шешілмейді? Бұл туралы NEGE тілшісі бүгін Абай облысының әлеуметтік-экономикалық дамуына қатысты брифинг өткізген облыс әкімі Нұрлан ҰРАНХАЕВТЫҢ өзінен сұрады.
Бұған дейін Семей тұрғындары қоғамдық көлік мәселесіне қатысты редакцияға шағымданған болатын. Алайда Абай облысының әкімі «Семейде мұндай мәселе жоқ» деп отыр.
– Бір автобус сынса, адамдар бірін-бірі таптап, иін тіресіп қалады. Такси таңғы және кешкі уақытта өте қымбат болады. Күйеуім Семейдегі автобус шығаратын зауытқа жұмысқа тұрайын деп барса, зауытта үлкен құрылғылар тұрмақ, кішігірім саймандар да жоқ екен. Жұмысшылар бәрін өз қолымен жасайды, – деген семейлік Гүлжан ИБРАЕВА.
Тілшіміз облыс әкімінен осы уақыттан бері автобус құрастыратын зауытпен бірігіп, қаладағы қоғамдық көлік мәселесін неге шешпегенін сұрады. Бірақ әкім бұл мәселенің шешілгенін айтады.
Фото:ОКҚ
– Бізде үш компания жұмыс істеп жатыр. Автобустың маршруттары бойынша бәрі жұмыс істеуде. Автобус та темір ғой, ол да сынады. Одан кейін бізде бір үлкен мәселе болған, қыста жанар-жағар май болмай қалған. Бірақ қазіргі таңда бұл мәселе толығымен шешілген.
Біздің маршрутты автобустар жұмыс істеп жатыр. Қазіргі таңда мен білетіндей ешқандай мәселе жоқ. Бірақ Семейге қайтқан соң сіз айтқан мәселені қайтадан білейін.
Бірақ менің бақылауымда осы мәселе үнемі тұр. Сондықтан сіз айтып жатқан халық автобусқа сыймайды деген деректер менде жоқ, – деді облыс әкімі Нұрлан Ұранхаев.
Айта кетейік, 2019 жылы тұрғындардың шағымынан кейін «SEMEY BUS» кәсіпорны құрылып, 4,2 млрд теңгеге 170 автобус сатып алынған. Алайда жаңа автобустар іске қосылғанан бар-жоғы жарты жыл өткенде олардың отызы жүрмей қалды. Осы 170 автобусты Семейдегі «Daewoo Bus Kazakhstan» автобус құрастыру зауыты шығарған.
Мекеменің сайтында «Daewoo Bus Kazakhstan» зауыты 2007 жылы сән-салтанатпен ашылғаны жазылған. Зауытқа экс-президент Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВТЫҢ өзі барған. «Зауыт жыл сайын 1200 автобус құрастыратын болады, жаңа жұмыс орындары ашылып, автобустар экспортқа шығарылады» деп уәде етілген. Алайда кәсіпорын құрылғалы бері 15 жылда 2000-нан астам ғана автобус шығарылыпты.
Фото: ғаламтордан
Тілшіміз облыс әкімінен Семейде күрделі жөндеу жұмыстары қашан басталатынын және қандай ірі нысандар жөнделетінін де сұрады.
– Скверлер жасалып жатыр, қалада 60 шақырымға жуық жол салынған. Баяндамамда айтып өткендей, екі медициналық орталық, Семей қаласында үш мектеп салынды. Қазір облысымызда жетпіске жуық Жобалық-сметалық құжаттама жасалып жатыр.
Бір сұхбатымда: «Мен сиқыршы емеспін, сиқырлы таяғым да жоқ, сондықтан бір күннің ішінде бәрі шешілмейді, уақыт керек, күту қажет», – деп айтқанмын.
25 жылдың ішінде қордаланған мәселелер бір жылдың ішінде шешілмейді. Бір кездескенде халықтан: «Осы сіздер үйді қанша уақытта саласыз?», – деп сұрадым. Олар бір-бір жарым жылдың ішінде салатындарын айтты. Ал біз бүкіл облысымызды бір жарым жылдың ішінде сала алмаймыз ғой, сондықтан бәрі бірті-бірте болады.
Обылысымыз құрылғанда біздің бюджетіміз 240 млрд теңге болған, қазір 420 млрд теңгеге жетті. Семей қаласының бюджеті 50 млрд-қа жетпеген, қазір 103 млрд болды. Әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштер де өсіп жатыр. Сондықтан бәрі болады, уақыт керек, – деді Абай облысы әкімі Нұрлан Ұранхаев.