«Мен үшін ең ауыр жол – баламның басына баратын жол» – Шерзаттың анасы кінәлілерді өмір бойына бас бостандығынан айыруды сұрады

Бүгін Жетісу облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының ғимаратында Шерзат Полаттың өліміне айыптау жөніндегі іс бойынша кезекті сот отырысы өтіп жатыр.
Сот отырысында судья Ержан Жанұзақов сот тергеуінің аяқталып, жарыссөздің басталғанын хабарлады.
Жарыссөзді бірінші болып прокурор Дана Сәрсенбай бастап, сотталушыларға жаза мерзімдерін сұрады.
Тақырыпқа орай: Шерзаттың өлімі: Прокурор сотталушыларға жаза мерзімдерін сұрады
Одан кейін жәбірленушілердің қорғаушылары жарыссөзді жалғастырды. Қорғаушы Мейірман Шекеев жарыссөзді бастамас бұрын, Шерзат Полаттың анасы Гүлбара Бишімбиеваның сотқа жіберген өтінішін оқып берді.
«Мен Бишембиева Гүлбара Шерзат Полаттың анасымын. Қазіргі таңда мен үшін ең ауыр жол – баламның басына баратын жол. Мен бұл қайғыны ешкімнің басына келемес екен деп тілеймін. Ешқандай ана мен сияқты жыламасыншы. Құрметті сот мырза, осы қылмыстық істе қатаң және ауыр жазаланатын үкім шығарылса екен деймін. Өмір бойына бас бостандығынан айыруды сұраймын. Кем дегенде 20-30 жылдан болсыншы. Әділ, қатаң, ауыр жаза болса, басқаларға сабақ болар еді. Мұндай адамдар қоғамға қауіпті. Ертең тағы біреудің баласын өлтірмеуіне кім кепіл береді?», – делінген Гүлбара Бишімбиеваның өтінішінде.