«Мені тонап кетті» – Әжесінің 100 мың теңгесін жұмсап қойған қыз жалған ақпарат берген
Әжесінің 100 мың теңгесін жұмсап қойған қыз іс-әрекетін жасыру үшін өзін тонап кеткендігі туралы оқиғаны ойлап тапқан.
Алматы, NEGE. 20 жастағы павлодарлық қыз полицияға қоңырау шалып, өзін тонап кеткені туралы хабарлады. Оператордың сұрақтарына жылап тұрып жауап берген ол, оқиғаны шеберлікпен суреттеп, шынайы образға енген.
– Менің сөмкемді ұрлап кетті! Ішінде 100 500 теңге және көк түсті Samsung телефоны болған. Автобустан түсіп жатқанымда, артымнан бір ер адам келіп, сөмкемді жұлып алып қашып кетті. Мен оның артынан жүгірдім, бірақ қуып жете алмадым. Ол бірден жоқ болып кетті, – деді телефонның ар жағынан өксігін баса алмаған «жәбірленуші».
Жедел-тергеу тобы дереу оқиға орнына аттанып, қыз көрсеткен мекенжайға жетті. Полиция қызметкерлері, автопатрульдер мен учаскелік инспекторлар жақын маңдағы көшелерді тексеріп, күдіктіге ұқсас азаматтарды іздестірді. Бейнебақылау камералары тексерілді, бірақ оқиға камераға түспеген. Қыздың бұрын ер адамды аулада көргенін айтып, артынан жүгіргенін баяндаған мәлімдемелері күдік тудырды.
Тергеушіге күмән тудырған тағы бір жайт – қыздың қылмыскердің қашқан бағытын нақты айта алмай, біресе бір жақты, біресе екінші жақты көрсеткені. Жәбірленуші полиция бөліміне жеткізілген соң, күдік расталды. Тергеу кезінде қыз айғақтарынан шатаса бастады, артынша шыдамы таусылып, шындықты айтып берді. Белгілі болғандай, студентке әжесі несие қарызын төлеу үшін 100 мың теңге берген екен. Алайда қыз бұл ақшаны өз қажетіне жұмсап жіберіп, жақындары ұрсады деп қорқып, тонау оқиғасын ойлап тапқан.
«Арнайы қызметтерді көрінеу жалған шақырғаны үшін» қыз әкімшілік жауапкершілікке тартылып, 30 айлық есептік көрсеткіш (АЕК) көлемінде айыппұл салынды.