27 Қаңтар 17:20
...

«Мен органда жұмыс істемеймін» – «Дикий Арманның» шапағатын көрген әншілер теріс айналды

Бүлінгеннен бүлдіргі алғандар
Фото: НЕГЕ коллаж

Бүгін «Дикий Арман» лақап атымен танымал Арман Жұмагелдиевке қатысты көпке созылған сот үкімі шықты. 20 жылға бас бостандығынан айыруға жаза кесілген қылмыс әлемінің серкесі кезінде біраз спортшы мен әнші-жыршыларға демеушілік жасаған. Тіпті, оның желіде ақша шашып, көпті көкқағаздың астында қалдырғаны ел арасына аңыздай тараған еді.

Бір кездері Арманға шексіз алғыс білдіргендердің алғы қатарында дәстүрлі әнші Наркенже Серікбаева болды. 

С
"Менің өмірім" бағдарламасынан скриншот

«Бәрі көрді ғой YouTube-тан доллар лақтырып жатқанын, сол түскеніне әуелі келдім де, осыннан үй алдым. Қазір 8 бөлмелі үйім бар, Аллаға шүкір. Одан кейін Дубайға бардық. Ол кісінің тағы да берген сыйлығына үйімнің ішін толтырдым. Кәдімгі түзу жолдағы, қазақ деп жаны ашитын ер азаматтың бірі, кәдімгі қазақтың батыры», ― деген еді Серікбаева.

Бір қызығы, кезінде осылай деген дәстүрлі әншіге шығып, Арманға қаншалықты жанашырлық танытатынын сұрағанымызда: «Мен органда жұмыс істемеймін. Кезінде бәрі айтқанда мен де ол жайында ойымды білдіріп қойғам. Ештеңе бере алмайды екем», – деп пікір білдіруден үзілді-кесілді бас тартты.

Ақпарға берік ғаламторды ақтарыстырсақ Арман Жұмагелдиевтің шоу-бизнесте Динара Қырықбаевамен де етене араласқанын аңғаруға болады. Мәселен, олардың Түркияда, Дубайда түскен суреттері жария болғанда, көпшілік екеуін көңіл қосты деп топшылаған.

Қ
Instagram.com/ Kyrykbayeva

Бұдан соң әнші желідегі парақшасында «Мен үшін Арман тек жақын ағам. Ағам деп қана сыйлаймын. Араласамын, құрметтеймін. Басқа әңгіме айтудың керегі жоқ. Ондай жеке мәселеде артық әңгіме айтпасаңыздар екен», – деді. Жақын ағасы жалы не айтады деген оймен Қырықбаеваға да хабарласып көрдік, алайда телефоны сөндірулі болды. Ал желідегі парақшасына кезінде ағам деп өзеуреген Арманға қатысты ойын жария ете қоймады.

Жұмагелдиев жалғанды жалпағынан басып тұрғанда алдында әсем ән шырқағандар қатарында дәстүрлі әнші Қазыбек Әдікей де бар. 2021 жылы ютубта тараған бір бейнежазбадан Жұмагелдиевтің әншіден Қытайдағы қиын жағдайды өткеріп жатқан қандастарға арнап бір ән орындауын сұрағанын көруге болады. Өтінішті жерде қалдырмаған өнер иесі Асхат Кәукерұлының сөзіне жазылған «Жеткізші бір хабарын» әнін нақышында орындайды.

Ә
Қ.Әдікейдің инстаграм парақшасынан

Соңырсын Әдікей «31»-ші арнаның «Жұлдыздар жарқырайды» бағдарламасында өзін атышулы «Жабайы Арманмен» не байланыстыратынын айтқан. «Шақырған жерден қалма дейді. Кім шақырса да өнер адамының бәрі барады ғой. Қуана-қуана барады-ау», – деп шынын ақтарды. Осылай деген Қазыбек Әдікей де Жұмагелдиев жайлы жеке парақшасында жанашырлық таныта қоймады. Ал ұялы телефонына шыққанымызда, тұтқаны көтермеді.

Түркияда тұрып жатқан Айнұр Тұрсынбаеваның дүркірете жасаған тойында Жұмагелдиевпен дастархандас болған өнерпаздар арасында Балғынбек Имашевтың да болғаны анық. Бұған ғаламторда таралған бейнежазбалар дәлел. Мәселен, оның алдында «Бодан болып арманы өлген қазағымның, Арманын тірілтті ғой – Арман батыр» деп арнау айтқан Имашев кейін оны «танымаймын» деп танып шықты.

И
Видеодан скриншот

TALK LIKE бағдарламасында: «Мен оны танымаймын, ондай жігіт бар екенін білмейді екенмін. Түркияға Айнұр Тұрсынбаеваға барғанбыз. Айнұр тұсаукесерге, одан қалды шұжық шығарғанда шақырды. Өйткені Айнұрдың күйеуі сол Арманның жолдас жігіті екен. Сондай бір іс-шараларда кездесіп қалғаным болмаса, «Арманға барды» деген әңгіме шындыққа жанаспайды» деді.

Иә, «Жабайы Арман» атағы аспандап тұрғанда өзі шыңдалған спорт саласындағы азаматтарды айналып өтпеді. Мысалы, Бақтияр Артаев Қазақстан бокс федерациясының вице-президенті және мемлекеттік бапкер қызметінде тұрған шағында Белградта өткен әлем чемпионатының жартылай финалына өте алмай қалған отандық спортшыларға қолдау есебінде екі мың доллардан үлестірді. Әлбетте мұның соңы шуға айналды. Бір топ оның әрекетіне сүйсінсе, енді біреулер криминалдық авторитеттің демеушілігіне қарсылық танытты. Бұдан соң Жұмагелдиев пен Артаев бірлесе видео мәлімдеме жасаған.

Артаев
Видеодан скрин

Арманның әрекетін азаматыққа балаған Артаев бейнежазбада: «Кім қай жақта жүрмесін, бір елдің мүддесі үшін әрекет етіп жатырмыз. Бұл – Арман, бұл– Бақтир деп бөлуге болмайды. Бәріміз бір елдің баласымыз» деп ағынан жарылған еді. Кейін Қаңтар оқиғасынан соң «Дикий Арман» қолға түскенде Артаев жолдасын қолдай пост та жазды. Спортшы «бауыры үшін жүрегі ауыратынын» айтып, оны босатуды сұраған.

Кейін Артаевтың осы «азаматтығы» өзінің басына тас болып тиіп, қызметінен шеттелуге алып келді. Мұны растаған ол «Уақыт көрсетеді» YouTube-арнасында: «Кім кіммен араласпай жатыр? Таза ақымақтық. Ашығын айтайық, түнгі сағат 2-де қорқор шегіп отырып, сол кездегі Спорт комитетінің басшысы хабарласты. «Дикий Арманмен» араласады екенсің, жұмысты босатуың керек» деді», – деп бар шындықты жайып салғаны бар.

Жұмагелдиевті қолдаймын деп жұмсақ орынынан айырылған Артаевқа бұл жолы біз де шығып көрдік. Бірақ бұған дейін басынан өткергендері жүрегіне тиді ме, Бақтияр да пікір білдіруден бас тартты.

Бұл «Жабайы Арманның» жалғанды жалпағынан басып жүргенде жанынан табылғандардың бір парасы ғана. Бірақ қара басына күн туғанда Артаевтай араша түскендерді көре алмадық. Осы орайда Жамбылда өткен аламан айтыста белгілі айтыскер ақын Қайнар Алагөзовтың айтқаны еріксіз еске оралады.

«... Мен ол үшін біреумін бір жақтағы,

Бірақ менің жүрегім шын жақтады.

Кезінде талай әнші әнін арнап,

Талай ақын алдында жыр жаттады.

Қасына көк шыбындай үйілгендер,

Басына күн туғанда кім жақтады?!

Құлан айғыр құдыққа құлап еді,

Құрбақа құлағында қылжақтады...»