«Мемлекеттің басты байлығы – банк емес, халық» – Ринат Зайытов

«AMANAT» партиясы Фракциясының мүшесі Ринат Зайытовтың Бас прокурор Берік Асыловқа кибералаяқтықпен күрес шаралары бойынша депутаттық сауал жолдады.
Астана, NEGE. Жаңа кезеңге жылдам бейімделген «жылпос» алаяқтар күн сайын қорғансыз халықтың шотындағы ақшасын ұрлап қана қоймай, мыңдаған адамның атына сырттай несие рәсімдеп, онсыз да зорға жүрген халықты зарлатуда.
«Өкінішке қарай, жазықсыз жем болған жандардың жағдайын ұғып жатқан Үкімет те, банктер де көрінбейді. Ал көптеген алаяқтық жасау фактілерінде не банк, не жергілікті орган өкілдерінің қатысуымен болғаны дәлелденген. Мысалы, Қарағанды қаласының жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының қызметкері мүгедектігі бар, зейнеттегі жиыны 90 адамның шотындағы ақшаны жымқырған, Талдықорған, Астана, Алматы қалаларында да банк қызметкерлерінің азаматтардың жеке мәліметіне қол жеткізуге көмектескені жөнінде фактілер анықталған», - деді Зайытов.
Республика көлемінде биылғы жылдың қаңтар, ақпан айларының өзінде ғана кибералаяқтықпен банк қызметкерлеріне қатысты ҚР Қылмыстық Кодексiнің 250 - бабы (Өкiлеттiктердi терiс пайдалану) бойынша – 15 іс, ал ҚР Қылмыстық Кодексiнің 254 - бабы (Мiндеттерiне адал қарамау) бойынша – 17 іс қозғалған.
«Бір түсініксізі бұл киберқылмыстан қорғауға, азаматтардың шоттарының қауіпсіздігін сақтауға міндетті банктерге ешқандай жауапкершілік жүктелмеген. Осы әділетті ме? Біз олай ойламаймыз. Ақылға салсақ, алаяққа жем болып, банкке сақтаған ақшасынан айрылып, мойнына жоқ жерден несие жүктеліп, жығылған жандарға жұдырық болып банктер олардың шоттарын да бұғаттайды. Бұл – халыққа жасалған орынсыз қиянат қой. Сәл қиналса мемлекеттен миллиардтап қаржыны қайтарымсыз алатын ойына келген пайыздың өлшемін тағайындап, өз қателіктеріне жауап беруден жалтаратын қайрымсыз банктер қашанға дейін тайрандамақ? Нақақтан нақақ қарызға батқан халықты қорғайтын уақыт келдіғой. Ата заңымыз бойынша мемлекеттің басты байлығы Банк емес, «Халық» екенін есіңізгі салайын», - деді депутат.
«AMANAT» партиясы Фракциясының мүшесі Ринат Зайытовтың Бас прокурор Берік Асыловқа төмендегідей ұсыныстар айтты:
1. Екінші деңгейлік банктер кибералаяқтардың қылмыстық іс-әрекеттерінен зардап шеккен азаматтардың банктік шоттарын бұғаттан шығаруды және де бұл санаттағы адамдардың шоттарын бұғаттауға тиым салу шараларын қарастыруды;
2. Шоттарындағы қаржының сақталуына жауапты банктер болғандықтан, кибералаяқтықтан келген зардап пен барлық шығындарды Банктер өз тарапынан өтеу міндетін жүктеуді ұсынамыз.