«Министрдің құпиясына хатшысы арқылы қол жеткізу оңай»: Олжас Сәтиев кибертыңшылық туралы
Қазақстанда мемлекеттік мекемелер кибершабуылдарға осал. Киберқауіпсіздік саласының сарапшысы Олжас Сәтиев мұны білікті мамандардың жетіспеуімен және мемлекеттік мекемелердің техникалық мүмкіндіктерінің шектеулі болуымен түсіндірді.
Астана, NEGE. TSARKA ұйымының жетекшісі Олжас Сәтиев Decaf. подкастына берген сұхбатында Қазақстанға бағытталған кибершабуылдардың басым бөлігі шетелден жасалатынын айтты. Оның сөзінше, цифрлық төлемдердің кең таралуы мен қаржы аударымдарының жеңілдеуі Қазақстанды хакерлік топтардың нысанасына айналдырған.
«Бізге шабуыл жасайтын хакерлік топтардың арасында миллионерлер бар. Бұлар бір-екі адамнан тұратын шағын топтар емес. Кейбір ұйымдасқан қылмыстық топтардың құрамында жүздеген адам болуы мүмкін. Олар ондаған, тіпті жүздеген миллион доллар ұрлайды, бұған инвестиция ретінде қарайтындар да бар. Ал мемлекеттік мекемеде айына 500 мың теңге жалақы алып, қажетті техниканы әрең сұрап алатын қызметкер мұндай топтарға қалай төтеп бермек?» – деді Олжас Сәтиев.
Сәтиев мемлекеттік мекемелерде киберқауіпсіздік мамандары жетіспейтінін де атап өтті. Оның айтуынша, қомақты қаржысы бар қылмыстық топтар жаңа зиянды бағдарламалар әзірлеуге көп ақша жұмсай алады. Ал мемлекеттік мекемелердегі мамандардың техникалық мүмкіндіктері мен қолда бар ресурстары мұндай топтарға төтеп беруге жеткіліксіз.
Хакерлер мемлекеттік органдардың электрондық поштасындағы деректерді көшіріп алған
Олжас Сәтиевтің айтуынша, шамамен бір жыл бұрын қазақстандық мамандар мемлекеттік органдардың бірінің ақпараттық жүйесіне заңсыз кіріп, тыңшылық жасаған ірі хакерлік топты анықтаған. Оның сөзінше, бұл топ шетелден қаржыландырылған.
«Қазір дәстүрлі тыңшылықтың орнын кибертыңшылық басты. Қандай да бір шенеуніктің компьютерін бұзу әлдеқайда оңай. Тіпті министрдің өзін емес, оның хатшысын нысанаға алуға болады. Өйткені хатшы министрге қатысты көптеген ақпаратты біледі және құжаттармен жұмыс істейді», – деді сарапшы.
Сәтиевтің сөзінше, мұндай жағдайлар телекоммуникация саласында да болған. Хакерлер байланыс операторларының жүйелеріне заңсыз кіріп, SMS-хабарламаларға, телефон қоңырауларына және басқа да мәліметтерге қол жеткізген.
Қазақстаннан жасалған шабуылдардың артында міндетті түрде қазақстандық хакерлер тұрмайды
Ресейдегі мұнай зауытына жасалған шабуылдың Қазақстанға қандай қатысы бар?
14 қазанда Reuters агенттігі Қазақстанмен байланысы болуы мүмкін хакерлік топтың Ресейдегі мұнай өңдеу зауытына және Нижний Новгород қаласы әкімшілігінің ақпараттық жүйесіне шабуыл жасағанын хабарлады.
Cisco және Recorded Future компанияларының зерттеушілері Silent Lynx деп аталатын топ Қазақстанда орналасуы мүмкін деген болжам жасаған. Зерттеушілердің мәліметінше, бұл топ Тәжікстан мен Беларусьтің мемлекеттік мекемелеріне де кибершабуыл жасаған. Алайда хакерлердің Қазақстан азаматтары екені немесе олардың ел билігімен байланысы бары дәлелденбеген.
Бұл мәселе Decaf подкастында да көтерілді. Олжас Сәтиевтің айтуынша, шетелдік дереккөздерде Қазақстаннан басқа елдердің сервистеріне кибершабуыл жасалғаны туралы мәліметтер кездеседі. Алайда бұл шабуылдарды Қазақстанда құрылған хакерлік топтар ұйымдастырғанын дәлелдейтін нақты деректер жоқ.
Сәтиев 2022 жылдан кейін Ресейден Қазақстанға көшіп келгендердің арасында бұрын заңсыз әрекеттермен айналысқан хакерлер де болуы мүмкін екенін айтты. Оның пікірінше, мұндай адамдар Қазақстан аумағынан кибершабуыл жасаса, халықаралық статистикада олардың әрекеті Қазақстанмен байланыстырылуы ықтимал.