21 Наурыз 16:45
...

Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин «Асыл мұра» аудиожинағының тұсаукесеріне қатысты

Ерлан Қарин
Фото: Ақорда

 Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қариннің қатысуымен Астанада қазақ халқының ән-күйі мен фольклорлық мұрасы топтастырылған «Асыл мұра» аудиожинағының тұсаукесері өтті, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметі. 

Алматы, NEGE. «Қазақстан» республикалық телерадиокорпорациясы жарыққа шығарған «Асыл мұра» – отандық музыка өнері тарихында халықаралық стримингтерде кеңінен таралған ең ірі жинақ. Жоба «Ozen» музыкалық лейблымен бірге жүзеге асырылды.

Жинаққа «Алтын қорда» сақталған 400 күй, 300 жыр-терме, 400 халық әні мен халық композиторларының әндері, 100 ертегі, 50 бесік жыры, 250 ретро хит ән енгізілді. Аудиожинақтың ерекшелігі – мұндағы шығарманың көбі аутентикалық формада, яғни, алғашқы орындаушылары жеткізген түпнұсқа күйінде берілген.

Жобаға енген таңдамалы 1500 аудиожазба Apple Music, Spotify, Yandex Music, YouTube Music сияқты әлемге танымал 100-ден астам музыкалық платформаға жүктелді. Сондай-ақ, туындылар «Қазақстан» телерадиокорпорациясының altynqor.com сайтына енгізілді.

Салтанатты жиында сөз сөйлеген Мемлекеттік кеңесші "Асыл мұра" аудиожинағының жарыққа шығуы ұлттық саз өнері мұрасының әлемдік платформаларда қолжетімді етіп, төл мәдениетіміздің дамуына тың серпін беретінін атап өтті.

– Мемлекеттік телерадиокорпорацияның қорында ғана сақталған 1500 түпнұсқа туынды әлемдік музыкалық платформаларда жарияланып отыр. Бұл шара Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ұлттық құрылтайдың IV отырысында көтерген Ұлттық цифрлық мұрағат құру жөніндегі бастамасын жүзеге асыруға септігін тигізеді. Мұндай жобалар ұлттық мәдени контентті жүйелеуге жол ашып қана қоймай, өнерпаздардың жаңа буынына, өскелең ұрпаққа сенімді әрі бай дерек көзі болады. Сондай-ақ, жасанды интеллектінің жадын едәуір толықтырады, – деді Ерлан Қарин.

Жинақ еліміздегі ұлттық кітапханалар мен өнер университеттерінің кітапханаларына беріледі, сондай-ақ еркін саудаға шығарылады.