Мемлекеттік білім беру грантын міндетті еңбекпен өтеу мәселелері түсіндірілді
Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінде «Қаржы орталығы» АҚ-ның ұйымдастыруымен мемлекеттік білім беру грантын міндетті еңбекпен өтеу мәселелерін түсіндіру бойынша кездесу өтті.
Түркістан, NEGE. Жиынға бакалавриат, магистратура мен докторантура бойынша білім алып жатқан 2025 жылы оқу бітіретін түлектер қатысты.
Айтулы іс-шарада «Қаржы орталығы» АҚ мониторинг департаментінің жетекші маманы Ақзира Серікқали арнайы келіп, ақпараттарды түсіндірді.
Кездесудің мақсаты – мемлекеттік білім беру тапсырысы бойынша оқыған жас мамандарды жұмысқа бөлуге және орналастыруға, сондай-ақ грантты міндетті еңбекпен өтеуге қатысты мәселелерді түсіндіру. Сонымен қатар, ауыл квотасы бойынша білім алып жатқан жастарды жұмыспен қамтуға қолдау көрсету, оқу бітіретін жас мамандарға ауылды жерде жұмыс істеуге жолдамалар беру мәселелерін талқылау.
Ақзира Серікқали, ең алдымен, мемлекеттік білім беру гранты негізінде білім алған түлектердің еңбекпен өтеу мәселелеріне «Қаржы орталығы» мониторинг жүргізетінін айтты.
«Бүгінгі таңда Қаржы орталығы 300 мыңнан астам түлекпен жұмыс істеп жатыр. Оның ішінде 50 мың түлектен сот арқылы өндіру жұмыстары жүргізілуде. Олардың EGOV порталындағы жеке кабинеттеріне «қарызгер» екені туралы ақпарат жіберілді. 2000-нан астам түлек бойынша сотқа арыз берілді. Бұл – 2023-2024 жылдары оқу бітірген түлектердің 9 айлық көрсеткіші. 900 іс бойынша сот шешімі шықты. Қаржы орталығы оқуға кеткен шығынды осылай, қысқа мерзімде, сот шешімі арқылы өндірмек. Сондықтан, барлық түлекті міндеттерін орындауға шақырамыз!», - деді Ақзира Серікқали.
Кездесуде мониторинг жүргізу тәсілі мен мерзімі, грант өтеу уақыты мен ауыл квотасы бойынша оқыған жастардың ауылдық елді мекендерде еңбекпен өтеу міндеттемелерін, әр санатты жіктеп түсіндірді. Сонымен қатар, магистранттар мен доктаранттардың мемлекеттік гранттарын өтеуі туралы да тың ақпараттар берді.Жиын соңында білімгерлер өздерін толғандырған сауалдарын қойып, нақты жауаптар алды.