4 Қазан 18:50
...

«Мемлекеттік билікте УАХАБИСТЕР әлі де бар» – Депутат Ермұрат БАПИ батыл мәлімдеме жасады

Фото:
Бүгін

 Мәжілістің жалпы отырысында радикалды діни ағымдардың қаупіне қатысты бір күнде үш бірдей депутат үкіметке сауал жолдады.

Сауал діни ағымдардан келетін қауіп-қатер төңірегінде Премьер-министр Әлихан СМАЙЫЛОВҚА және Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы Ермек САҒЫМБАЕВҚА жолданды.

«Ескі Қазақстан» бұл қатердің шоғын үрлей түсуде»

Депутат Ермұрат БАПИ соңғы жылдары діни ағымдар саяси сипат алып бара жатыр деп қауіптенеді екен.

– Халықтың кемшін діни білім-танымын пайдаланған теріс діни топтар жанталасып, қоғамға жалған рухани құндылықтар мен бөтен дәстүрлерді сіңіру қамын жасап жатыр. Мысалы, Парламент депутаты Ринат Зайытовтың азаматтық пікіріне қарсы шабуылдар осындай саяси қатердің сипатын сездірсе керек. Қоғамды арабтық-уахабтық діни ұстаным негізде бөлшектеуге бағытталған бұл әрекеттерге біздер – депутаттар жайбарақат қарап отыра алмаймыз! Біз мыңжылдық домбыраны харам қылуға жол бермейміз! Бұл әрекеттер елдің ұлттық құндылықтар жүйесі мен рухани негізіне жасалып жатқан шабуыл деп түсіну керек, – дейді  Ермұрат Бапи.

Депутаттың сөзінше, бұл исламдық секта, әсіресе, Атырау мен Ақтөбе, Маңғыстау, Ұлытау, Алматы өңірінде етек жайып барады.

– «Мемлекеттік биліктің өз ішінде де уахабизм мен жат ағымдарды насихаттауды қолдайтын жоғары лауазымды мемлекеттік қызметкерлер бар» деген дерек менің құлағыма жетті. Егер осы сөз қаңқу емес, нақты жағдай осылай болса, онда біздің тәуелсіз мемлекеттігімізге шынында да қатер төнгені.

Тағы бір мойындайтын мәселе – «Ескі Қазақстан» бұл қатердің шоғын үрлей түсуде. Қазақтың ұлттық дамуына қатерлі уахабизм идеясын халықтың біраз бөлігіне сіңірген «ескі режим» елді әлеуметтік топтарға бөлу арқылы өзінің жеке дара билігін мейілінше ұзақ сақтауды көкседі. Бүгінде сол «ескі Қазақстан» қазақтың ұлттық дәстүріне жат діни идеология арқылы «Жаңа Қазақстанның» жасампаздық жолына кесекөлденең тұруға ниетті. Оның алғашқы қанды нәтижесін Қаңтар оқиғасы кезінде көрдік, – дейді депутат.

Ермұрат Бапи үкімет тарапынан қандай да бір тиісті құжат қабылдау бастамасы туатын болса, депутаттар оны қолдайды дегенді айтты.

Е.Бапи «Смайылов кабинеті дінге қатысты күрделі жағдайды біле ме?» деген сұрақты қабырғасынан қойып, Үкіметтің іс-жоспарын сұрады, мәселеге Президенттің назар аударуын сұрады.

«Тек ҰҚК-ғана жаңа заң қабылдауға қарсы шықты»

Депутат Қазбек ИСА «Ақ жол» партиясы парламентте діни теріс ағымдарға қатаң тосқауыл қоятын заң қабылдауды талай жылдан бері ұсынып келе жатқанын айтты.

– 2011 жылы бұл мәселені билік те қолға алып, барлық министрлік, Бас прокуратура мен Жоғары сот та қолдағанда, қай орган қарсы болды? Тек Ұлттық Қауіпсіздік комитеті қарсы шығып, осы тыйым салу заңға енбей қалды, – деді Қ.Иса.

«Ұл-қыздарымызды теріс уағызбен емес, ұлттық тәрбие арқылы жөнге сала аламыз»

Депутат Аманжол ӘЛТАЙ « жастарды соқыр фанатизмге, радикализмге итермелейтін жат ағымдар, әлеуметтік желіде теріс уағыздар көбейіп кетті, сондықтан ұлттық идеологияны күшейтіп, діни ағымдарға тосқауыл болатын заң керек» дейді.

– Қара жамылып, паранжамен бетін тұмшалап алған қаршадай қыздарымызды, сақалының ұшына қайшы тигізбей жалбыратып, балағын кесіп шолтитып, екі көзі қанталап келе жатқан ұлдарымызды көргенде қабырғаң қайысып, көңілің құлазиды.

Радикалды ағымның кесірінен Сирияға кетіп, қыршынынан қиылған ұлдардың тағдыры, содырлардың қолжаулығына айналып, апта сайын талақ болып абыройынан айырылған қазақ қыздарының өкінішке толы адасқан өмірі қоғамға сабақ болуы тиіс еді.

 Меніңше, төл мәдениетімізге, ұлттық тәрбиемізге мән беріп, жат ағымдардың шабуылына тыйым салғанда ғана өнегелі ұрпақ тәрбиелей аламыз. Ұл-қыздарымызды теріс уағызбен емес, ұлттық тәрбие арқылы жөнге сала аламыз. Ол үшін мемлекеттік деңгейде ұлттық идея қолға алынуы керек, – деді Аманжол Әлтай.

Балжан ЖЕҢІСҚЫЗЫ, Астана

Тегтер: