2 Ақпан 08:56
...

«Мемлекетке опасыздық жасаған»: Шетел азаматы Қазақстаннан Ресейге депортацияланды

freepik.com
Фото: freepik.com

25 жастағы IT саласының маманы және DevOps инженері Александр Качкуркин Қазақстаннан Ресейге депортацияланып, мемлекетке опасыздық жасады деген айыппен қамауға алынды.

Астана, NEGE. Телеграмдағы «Первый отдел» арнасының жазуынша, Качкуркин – Украина азаматы, Қырымда туып-өскен. 2014 жылғы аннексиядан кейін Ресей азаматтығын алған. Кейін саяси себептерге байланысты Қазақстанға көшіп келген.

Оның Қазақстаннан шығарылуына жолды рұқсат етілмеген жерден кесіп өткені және жабық ғимаратта кальян шеккені үшін толтырылғаны әкімшілік хаттамалар себеп болған. 

Осы хаттамалар негізінде полиция сотқа Качкуркинді «Қазақстан Республикасының заңдары мен егемендігін құрметтемеуіне» және «құқықбұзушылықтардың жолын кесу әрі алдын алу қажеттігіне» байланысты елден шығару туралы талаппен жүгінген.

Шешім шыққаннан кейін Качкуркин шұғыл түрде Ресейге депортацияланды. Тиісті хаттаманы жасау, оны қарау, сотқа жүгіну және елден шығару үдерісінің барлығы небәрі бірнеше сағаттың ішінде жүргізілген. 

Ұшақ қонған сәтте Качкуркин бірден ұсталып, сотқа жеткізілген. Сот оны қамауда ұстау туралы шешім шығарған.

Таныстарының айтуынша, ұсталғанға дейін Александр Качкуркин бірнеше жобамен айналысқан, соның ішінде GPT тілдік модельдерін әзірлеуші америкалық коммерциялық емес OpenAI ұйымымен де әріптестік орнатқан.

Ресейде оған Украинаға ақша аударғаны үшін мемлекетке опасыздық жасау айыбы тағылып отыр. Бұл баптың санкциясы бойынша оған 12 жылдан 20 жылға дейін немесе өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалуы мүмкін.