16 Мамыр 13:29
...

Мемлекет басшысының тапсырмасымен алдағы екі жылда Астанада «Жайлы мектеп» жобасы аясында 24 мектеп салынады

Фото:

Астанада «Жайлы мектеп» жобасы аясында 14 мектептің құрылысы басталып кеткен. Бұл туралы Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек өзінің әлеуметтік желі парақшасында мәлімдеді. 

Астана, NEGE. Әкімнің айтуынша, жаңа оқу жылында 11 мектеп пайдалануға беріледі. 

«Қалада 14 мектептің құрылысы жүріп жатыр, оның 11-ін келесі оқу жылында ашуды жоспарлап отырмыз. Бірқатар мектептің құрылыс барысымен таныстым. Олар Қарасай батыр мен Бұланты көшелерінің қиылысында, Көксеңгір көшесінің бойында, Ұлы Дала даңғылы мен Сауран көшесінің қиылысында, Тұран даңғылының бойында, Тұран даңғылы мен №24 көшенің қиылысында орналасқан», ‒ деп жазды Астана әкімі. 

Нәтижесінде Астанадағы апатты жағдайда тұрған мектептер жаңартылатын болады. 

«Мәселен Қарасай батыр мен Бұланты көшелерінің қиылысындағы білім ордасы 87 жыл бұрын салынған ескі мектепті алмастыруға мүмкіндік береді. Жаңа оқу орны екі ауысымда 2400 оқушы орнына есептелетін болады. Көксеңгір көшесіндегі мектеп (Кирпичный елді мекені) осыған дейін апатты деп танылған, қазір бұл мектептің орнында жаңа оқу орнының құрылысы жүріп жатыр. Қазір бұл елді мекенде басқа мектеп жоқ, сол себепті оқушылар өзге аудандарға қатынап оқиды», ‒ деді Жеңіс Қасымбек. 

Жаңа оқу орны екі ауысымда 2400 оқушы орнына есептелетін болады.

«Тұран даңғылы мен №24 көшенің қиылысындағы және Ұлы Дала даңғылы мен Сауран көшесінің қиылысындағы білім ошақтары №85 мектеп-лицейінің және №89 мектеп-лицейінің үш ауысымды проблемасын шешуге мүмкіндік береді. Бұл мектептердің әрқайсысы екі ауысымда 2400 оқушыға арналған», ‒ деп жазды қала әкімі. 

Бұдан бөлек Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша алдағы екі жылда Астанада «Жайлы мектеп» жобасы аясында 24 мектеп салынады.

Түсіндіре кетейік, президент бастамасымен елімізде «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы қолға алынған болатын.Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев былтыр 1 қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауында «Жайлы мектеп» Ұлттық жобасының қолға алынатынын жария етті.

Ұлттық жоба аясында 2026 жылға дейін 800 мыңға жуық оқушы орынын пайдалануға беру жоспарланып отыр. Бұл мектептер оқушылар мен педагогтарға жайлы жағдай жасау үшін қажетті заманауи құрал-жабдықтармен, жиһаздармен, интернет желісімен қамтамасыз етіледі. Әрбір оқушы үшін жеке шкаф, трансформер парта орнатылып, мектептің әр қабатында оқуға және демалуға арналған коворкинг бөлме, интерактивті құрылғы, TOUCH/LED-экран, әмбебап шеберхана және тағы басқалары болады.

Мектеп ғимараттары ауылда да, қалада да бірыңғай стандарт бойынша салынады.

Тегтер: