Құрылтай — 23 тамыз
USD
USD
USD

Мемлекет басшылары Қазақстан мен Қырғызстан арасындағы сауда көлемін 2 млрд долларға жеткізуге келісті

Қазақстан мен Қырғызстанның президенттері шағын және кеңейтілген құрамдағы келіссөздерден кейін бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері үшін брифинг өткізді.  

Мемлекет басшылары Қазақстан мен Қырғызстан арасындағы сауда көлемін 2 млрд долларға жеткізуге келісті
Фото: NEGE.kz

Алматы, NEGE. Мемлекет басшысы екі ел де көпжақты ықпалдастықты жаңа деңгейге көтеруге мүдделі екенін айтып, бүгінгі сапардың қарым-қатынасымызды нығайта түсуге тың серпін беретіні сөзсіз екеніне тоқталды.

– Бірқатар уағдаластыққа қол жеткіздік. Біз сауда-экономикалық байланыстарды  нығайтуға баса мән бердік. Қазір әлемдегі ахуал күрделі екенін білесіздер. Осындай қиын кезеңде күш жұмылдыру өте маңызды. Қазақстан – Қырғыз елінің негізгі сауда және инвестиция саласындағы серіктесінің бірі. Былтыр өзара тауар айналымы 1 миллиард долларға жетті. Қазақстан соңғы 15 жылда қырғыз еліне 1 миллиард доллардан астам тікелей инвестиция құйды. Оның ішінде әлеуметтік маңызы зор  жобалар да бар. Жалпы, экономикалық ықпалдастықты одан әрі өркендетуге әлеуетіміз жетеді. Біз сауда көлемін жақын арада 2 миллиард долларға жеткізуге келістік, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.  

Президент бүгін сауда-логистикалық индустриялық кешеннің негізі қаланғанына тоқталып, бұл қадам өндірістік байланыстар мен сауда-саттықты жандандыруға жол ашатынын айтты. Мемлекет басшысының айтуынша, өзара сауда айналымын қысқа мерзімде едәуір ұлғайтуға мол мүмкіндік бар. Қазақстан Қырғызстанға импортталатын жүздеген тауар түрін қазірдің өзінде ұсына алады.  

– Біз өнеркәсіп өнімдерін және басқа да тауарларды экспорттауға дайынбыз. Бұған «Kazexport» компаниясы қолдау көрсетеді. Қырғыз елінің де Қазақстанға шығаратын өнімдері аз емес. Осы орайда, қолда бар мүмкіндіктерді барынша пайдаланамыз деп уағдаластық. Сондай-ақ, азаматтардың шекарадан өтуін жеңілдетуге баса назар аудардық. Жүк тасымалы рәсімдерін жетілдіру жайын пысықтадық. Соңғы жылдары бұл бағытта бірқатар ауқымды іс-шаралар атқарылды. Былтыр «Қордай» бекеті жаңартылып, жолаушыларға сапалы қызмет көрсетіле бастады. Басқа да бекеттерді жаңғырту туралы келісімдер бар. Басты мақсат – шекарадағы тексерістерді азайтып, көлік кептелісін жою, – деді Қазақстан Президенті.  

Садыр Жапаров өзінің шақыруын қабыл алып, Қырғызстанға ресми сапармен келгені үшін Қасым-Жомарт Тоқаевқа алғыс айтып, Қазақстан Президентінің бұл сапары екі ел арасындағы ынтымақтастыққа тың серпін беретінін атап өтті.

– Біз – ынтымақтастығы жарасқан бауырлас елдерміз. Екі ел арасында, тіпті өңірлеріміздің деңгейінде де ешқандай түсінбестік болған емес. Толықтай достық рухта бірге дамып келеміз, – деді Қырғызстан Президенті.

Сондай-ақ президенттер мәдени-гуманитарлық байланыстарды одан әрі нығайтуға өзара мүдделі екендерін айтты. Аталған мәселелерді реттеу үшін Мемлекет басшысы екі цифрлық технологияны енгізудің маңызды екенін атап өтті. Президент шетел инвесторларының мүддесін қорғау ісі жалғасатынын, бұл жұмыс қазақ компанияларының Қырғызстанға инвестиция салуына оң ықпал ететінін жеткізді. Сонымен қатар Қазақстан капиталының қатысуымен Ыстықкөл облысында күн энергиясы станциясын салу жоспарланып отыр. Жобаның құны – 300 миллион доллар.  

Қасым-Жомарт Тоқаев су-энергетика саласындағы қарым-қатынасты үйлестіруді келесі маңызды бағыт ретінде атады. – Біз трансшекаралық су ресурстары ортақ байлық екенін тағы бір мәрте атап көрсеттік. Су тапшылығы мәселесі жылдан жылға күрделеніп келеді. Беделді халықаралық экологиялық ұйымдар осындай болжам жасап отыр. Су келешекте көп болмайды, тапшы болады. Бұл – анық нәрсе. Сондықтан Орталық Азия мемлекеттері бірлескен жұмыстарды қолға алуы қажет. Екі елге ортақ өзендер әрдайым жұртты жақындастыра түсуге дәнекер болуы керек. Қазақстан барлық міндеттемелерін толық орындауға және маңызды жобаларды бірлесе іске асыруға дайын, – деді Мемлекет басшысы. Екі ел президенттерінің кездесулерінде мәдени-гуманитарлық байланысты нығайтуға да ерекше мән берілді. Соңғы жылдары рухани байланысты жандандыру бағытында атқарылған көптеген іс-шараның қуанарлық жағдай екені атап өтілді.

– Былтыр Садыр Нургожоұлының Қазақстанға сапары кезінде екі елдің жастарын жақындастыра түсетін бірқатар уағдаластыққа қол жеткізген едік. Соның нәтижесінде бүгін Бішкекте Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің филиалы ашылады. Бұдан бөлек, біз жас ғалымдар үшін түрлі гранттар тағайындадық. Олардың озық ғылыми идеяларына мемлекет тарапынан қолдау көрсетіледі. Мен мәдени-гуманитарлық байланысты нығайту үшін екі ел зиялыларының форумын жыл сайын өткізуді ұсындым, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.  

Брифингте белгілі болғандай бүгінгі келіссөздер барысында екі ел басшысы жаһандық және өңірлік мәселелер туралы пікір алмасып, халықаралық түйткілдер жөніндегі ұстанымдары ортақ екенін атап өткен. Әсіресе, Орталық Азиядағы ықпалдастықты тереңдету мәселесіне назар аударылған. Осы орайда, көп ұзамай аймақ мемлекеттері басшыларының Консультативтік кездесуін өткізуге уағдаласты.  

Қазір оқып жатыр

«ҰБТ-дан 125 балл жинағанымен, грантқа ілікпеді»: жетісулық ата-аналар шағымын жеткізді

ҰБТ

Қант нарығы әлі де импортқа тәуелді: отандық өндірістің үлесі тек 29%

қант импорты

Қажылыққа апарамын деп елден 60 млн теңге жинап алған екі астаналық сотталды

Қажылық

Қазақстанда сауда өсімі екі есеге жуық баяулады – экономист

әлеуметтік маңызы бар тауарлар