21 Сәуір 14:32
...

Мемлекет басшысына елорданы көгалдандыру және абаттандыру жоспары таныстырылды

Ақорда
Фото: Ақорда

Жеңіс Қасымбек биыл Астана қаласында 1 миллионнан астам түп жасыл желек егу жоспарланғанын айтты.

Астана, NEGE. Сонымен қатар 180-нен аса қоғамдық кеңістік пен ауланы абаттандыру көзделіп отырғанын жеткізді. Аталған жұмыстар шаһардың тарихи көшелерінде, Президент саябағында, Үкімет үйінің айналасында, Есіл өзенінің жағалауында, «Мыңжылдық» аллеясында, Триатлон паркінде, Greenline бульварында, Желілік саябақта, вокзал маңы мен Иллюзия паркінде, Сығанақ, Ш.Қалдаяқов, Гете, Біржан сал және басқа да көшелердің бойында жүргізіледі. Сондай-ақ Ақбұлақ өзенінің арнасын тазалау жалғасады.

Келесі айда «Қазақстан» спорт кешенін жаңғырту жұмыстары басталады. Астанада ағаштарды құжаттандыру және цифрландыру арқылы есепке алу шаралары қолға алынады. Қала тұрғындары QR кодтың көмегімен ағаш туралы ақпарат алып, оған қатысты мәселе туындаса тиісті органдарға хабарлау мүмкіндігіне ие болады.

Астана қаласы
Фото: Ақорда

Естеріңізге сала кетейік, Мемлекет басшысы «Таза Қазақстан» экологиялық фестивалінде сөз сөйледі.

Президент өз сөзінде бүгінгі жиынның маңызына тоқталып, «Тазалық» фестивалі өте тағылымды іс-шара екенін айтты.

– Осыдан бір жыл бұрын бәріміз бір ел болып «Таза Қазақстан» жобасын бастадық. Мен, ең алдымен, осы жалпыұлттық бастамаға алғашқы күннен бастап белсене қатысып жатқан әр азаматқа шын жүректен ризашылығымды білдіремін. Әсіресе, солардың қатарында өздеріңіз сияқты жалынды әрі дарынды жастарымыз өте көп. Сіздер еліміздің әр аймағында еңбек етіп, қоғамдық жұмысқа атсалысып жүрсіздер. Бұл – үлгі боларлық іс. Мен Мемлекет басшысы ретінде сіздерді әрдайым қолдаймын! – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы тазалықтың мәні мен мағынасы жайындағы пікірімен бөлісіп, ойдың да, бойдың да, қоршаған ортаның да тазалығын сақтау әр адамның ішкі мәдениетінің көрсеткіші деп баға берді. Сондықтан тазалық халқымыздың болмысына сіңген қасиет болуы қажет екенін үнемі айтып келе жатқанын еске салды.

– Тазалық әр адамнан, әр үйден, әрбір көше мен әр қаладан басталуы керек. Өйткені «Таза Қазақстан», бұл – бір күндік науқан емес. Бұл – біздің өмір салтымыз. «Жас келсе – іске» деп халқымыз бекер айтпаған. Баршаңызды табиғатты қорғау идеясы біріктіріп отыр. Сіздер бәріңіз бірге істеп жатқан жұмыстың арқасында бұл игі бастама осындай үлкен қозғалысқа айналды. Ортақ іске күш жұмылдыру дегеніміз – осы, – деді Президент.