8 Қыркүйек 11:15
...

Жолдау-2025: Мемлекет басшысы жаңа министрлік құруды тапсырды

Ақорда
Фото: Ақорда

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бүгін Парламент палаталарының бірлескен отырысында Қазақстан халқына Жолдауын жариялап жатыр. 

Астана, NEGE. Мемлекет басшысы Жолдауында елімізде жаңа министрлік құруды тапсырды.

Қазақстанда ЖИ және цифрлық даму министрлігі құрылады. Оны вице-премьер деңгейіндегі маман басқаратын болады.

«Біз жаппай цифрландыру және жасанды интеллект технологиясын барынша енгізу арқылы экономиканы жаңғыртуымыз қажет. Ол үшін, ең алдымен, Цифрлық кодексті тезірек қабылдаған жөн. Бұл заңда цифрландыру үдерісінің негізгі бағыттары, соның ішінде жасанды интеллект, платформалық экономика, үлкен дерекқорларды пайдалану және басқа да мәселелер айқындалуға тиіс. Жаңа технологиялық қалыптың ажырамас бөлігіне айналу үшін бүкіл мемлекеттік басқару жүйесін қайта құрып, оның азаматтар мүддесіне сай болуын қамтамасыз ету, сондай-ақ, ашықтығы мен тиімділігін еселеп арттыру керек. Сондықтан қазіргі құзырлы министрліктің негізінде Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігін құру қажет деп санаймын. Жаңа министрлікті Премьер-министрдің орынбасары деңгейіндегі маман басқаруы керек. Үкімет экономиканың барлық саласын жаңғырту үшін жаппай жасанды интеллектіні енгізу қажет. Қазақстанды бәсекеге қабілетті ел ретінде дамытамыз десек, жұмысымызды жаңаша тәсілмен жүргізуіміз керек», - деді президент.