USD
USD
USD

Мемлекет басшысы «Qarmet» АҚ директорлар кеңесінің төрағасы Андрей Лаврентьевті қабылдады

Мемлекет басшысы «Qarmet» АҚ директорлар кеңесінің төрағасы, Allur компаниялар тобының басшысы Андрей Лаврентьевті қабылдады, деп хабарлады Ақорда. 

Ақорда
Фото: Ақорда

Алматы, NEGE. Андрей Лаврентьев «Qarmet» кәсіпорнының қазіргі жай-күйі, қалыпты жұмысқа көшу шаралары, сондай-ақ өндіріс көлемін ұлғайту, еңбек қауіпсіздігінің деңгейін көтеру жоспары туралы айтты.

«Qarmet» компаниясының басшылығы металлургтер және көмір өндірушілер кәсіподағымен кездесу өткізгені туралы баяндады: онда еңбек шарты, ұжым үшін маңызды шешімдер қабылдауда өзара ықпалдастықты одан әрі жалғастыру мәселелері талқыланған. Кездесу қорытындысы бойынша компания мен қызметкерлер арасында болашақ ұжымдық шартты бірлесіп әзірлеу туралы келісімге қол қойылған.

«Qarmet» компаниясы өндіріс көлемін арттыру, Орталық Азия мен ТМД-да металлургия саласы бойынша көшбасшы кәсіпорындардың бірі ретіндегі мәртебесін 2028 жылға қарай қайтару жөнінде стратегиялық мақсат қойып отырғанын жеткізді. Көзделген мақсаттарды іске асыру үшін жылына болат өндірісін 64 пайызға (5 миллион тоннаға дейін), темір кені концентратын 88 пайызға (5 миллион тоннаға дейін) және көмір өндіруді 47 пайызға (9 миллион тоннаға дейін) ұлғайту жоспарланған.

Андрей Лаврентьев Allur машина жасау кәсіпорны жұмысының нәтижесі мен даму жоспары туралы да мәлімет берді.

2023 жылы зауыт 90 мыңнан астам техника шығарды. Бұл – отандық машина жасау саласындағы рекордтық көрсеткіш. Биыл наурыз айында Chevrolet Оnix автомобильдерін ұсақ бөлшектерден құрастыру өндірісі іске қосылады. Škoda автомобильдері сериясын шығаруға арналған жабдықтар ретке келтіріліп жатыр.

Қостанай қаласының индустриялық аймағында қуаты жылына 70 мың машина өндіруге жететін Kia Qazaqstan заманауи зауыты салынуда.

Мемлекет басшысы кәсіпорын қызметкерлерінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету, апаттық жағдайларды болдырмау мақсатында құрал-жабдықтар мен материалдық-техникалық базаны барынша жаңғырту жұмыстарын жүргізу аса маңызды екенін атап өтті.

Қасым-Жомарт Тоқаев өңірдегі экология мәселесіне ерекше назар аударып, жабдықтарды газға көшіру арқылы Теміртау қаласындағы экологиялық ахуалды сауықтыру үшін түбегейлі шаралар қабылдау қажет екенін атап өтті.

Мемлекет басшысы еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін кешенді шаралар қабылдау маңызды екенін атап өтіп, инвестициялық жобалардың уақытылы жүзеге асырылуын жалғастыруды, соның ішінде экологияны жақсартуға бағытталған жұмыстарға баса мән беруді тапсырды.

Қазір оқып жатыр

Жамбыл облысында жаңа «Алатау» арнайы экономикалық аймағы құрылады

арнайы экономикалық аймақ

Қазақстанда діни сұрақтарға Imam AI жауап бермек

Имам AI

Ұлттық банк базалық мөлшерлемені 18% деңгейінде қалдырды

банк

Атырау облысында өлтірілген отбасы ісі: қылмыс қашан және қалай жасалғаны айтылды

Қарабалиндер отбасы