Президент: «Қытайлық серіктестермен бірге мұнай-газ саласында көптеген жоба жүзеге асырылып жатыр»

Қасым-Жомарт Тоқаев соңғы жылдары мемлекет экономиканың түрлі саласына шетел инвестициясын жүйелі түрде тарту жұмысына ерекше назар аударып отырғанын жеткізді.
Алматы, NEGE. – Осы ретте жақында өткен Қытайға сапарымды атап өткім келеді. Бұл сапар шын мәнінде өте жемісті болды. Екі елдің арасындағы стратегиялық серіктестікке мықты әрі тың серпін берді. Екіжақты келіссөздердің күн тәртібі ауқымды және ең бастысы Қазақстанның ұлттық мүдделеріне, ең алдымен, экономика саласындағы мүдделеріне тікелей байланысты болды. Қытай Халық Республикасының Төрағасы Си Цзиньпинмен әңгімелесу кезінде мәңгілік достық пен стратегиялық серіктестік рухындағы жан-жақты ынтымақтастыққа ерекше мән берілді. Қазақ-қытай іскерлік кеңесінің кезекті отырысының қорытындысы бойынша жалпы сомасы 15 миллиард доллар болатын жетпістен астам коммерциялық құжатқа қол қойылды.
Қытайлық серіктестермен бірге мұнай-газ саласында көптеген жоба жүзеге асырылып жатыр. Сондай-ақ стратегиялық сипаттағы жаңа жобалар жоспарланған. Оның ішінде Ақтөбе облысында карбамид шығаратын газ-химия кешенінің құрылысы жөнінде СNPC компаниясымен жасалған келісімді ерекше атап өткім келеді. Жоба құны 1 миллиард доллардан асады. Атырау облысында этан және пропан тасымалдауға арналған магистральді құбыр құрылысын қаржыландыру бойынша Қытай даму банкімен жасалған уағдаластықтың да маңызы зор. Келісімнің жалпы сомасы – 530 миллион долларға жуық. Біз барлық халықаралық инвесторлармен ықпалдастықты тереңдетуге әрдайым баса мән береміз. Мұнай-газ саласында америкалық, ресейлік, еуропалық және қытайлық корпорациялармен көп жылдар бойы жалғасып келе жатқан серіктестік – соның айқын дәлелі, – деді Мемлекет басшысы.