18 Тамыз 19:12
...

Мемлекет басшысы «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Асхат Хасеновті қабылдады

Ақорда
Фото: Ақорда

Қасым-Жомарт Тоқаевқа ұлттық компанияның биылғы жеті айда атқарған жұмысының нәтижелері жөнінде есеп берілді.

Астана, NEGE. Асхат Хасеновтің айтуынша, «ҚазМұнайГаз» геологиялық барлау жұмыстарын белсенді жүргізіп келеді. Биыл қолданыстағы кен орындарын қосымша барлау үшін жеті ұңғыманы бұрғылау жоспарланып отыр. Оның үшеуі бұрғыланды.

Қытайдың CNOOC компаниясы алғаш рет еліміздегі геологиялық барлау ісіне қаржы құюға шешім қабылдады.

Сондай-ақ Sinopec компаниясы Қазақстанға қомақты инвестиция салуға ниетті. Shell, Chevron, British Petroleum трансұлттық корпорациялары Атырау, Ақтөбе және Маңғыстау өңірлеріндегі учаскелерді жан-жақты зерттеуде.

Президентке соңғы 7 айда мұнай мен конденсат өндірісінің көлемі 15,3 миллион тоннаны құрағаны туралы баяндалды. Бұл 2024 жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 9 пайызға жоғары. Ал табиғи және ілеспе газды өндіру көлемі 6,7 миллиард текше метрге жетті, яғни былтырғы жылдың көрсеткішінен 19 пайызға артық. Батыс Прорва (Атырау облысы), Өріктау (Ақтөбе облысы), Рожков (Батыс Қазақстан облысы) кен орындарында газ өңдеу көлемін ұлғайту жобалары жүзеге асырылып жатыр.

Мемлекет басшысына мұнай тасымалдау көлемі 49 миллион тоннаны құрағаны туралы мәлімет берілді. Қосымша тасымалдау бағыттарын дамыту жұмыстары қолға алынды: жеті айда Әзербайжан бағытына 0,9 миллион тонна, Германияға 1,1 миллион тонна мұнай тасымалданды. Мажарстанға 85 мың тонна көлемінде Қазақстан мұнайының алғашқы партиясы жеткізілді.

Биыл отандық мұнай өңдеу зауыттарында 10,4 миллион тонна мұнай өңделді. Соның ішінде жанар-жағармай өндірісі 7,8 миллион тоннаға жетіп, 936 мың тоннаға ұлғайды. Бұл – рекордтық көрсеткіш.

Асхат Хасенов Маңғыстау облысындағы Кендірлі зауытында тұшытылған теңіз суы Жаңаөзен қаласының су тарату желісіне жіберіле бастағанын айтты. Бұдан бөлек, қуаты 247 МВт болатын гибридті электр стансасының құрылысы жүріп жатыр. Жылына 1 млн 250 мың тонна өнім шығаратын полиэтилен зауыты бой көтеруде. Жоба құны – 7,4 миллиард доллар.

Сонымен қатар Президентке өңірлерде жүзеге асырылып жатқан әлеуметтік жобалар таныстырылды.

Кездесу соңында Мемлекет басшысы геологиялық барлау және ірі инвестициялық бастамаларды іске асыру бойынша жүйелі жұмысты жалғастыруды тапсырды.