17 Желтоқсан 17:52
...

Мемлекет басшысы «Қазақстан халқына» қорының төрағасы Болат Жәмішевті қабылдады

Ақорда
Фото: Ақорда

Болат Жәмішев қордың осы уақытқа дейін атқарған қызметі мен алдағы кезеңге арналған міндеттері туралы ақпарат берді, деп хабарлайды Ақорда.

Алматы, NEGE. «Қазақстан халқына» қоры үш жылда жалпы сомасы 230 миллиард теңге болатын 103 қайырымдылық жобасын қаржыландырған. Оның ішінде 58 жоба толығымен аяқталған. Қордың қызметі ашықтық, есептілік және тұрақтылық қағидаттарына негізделген. 2023 жылдың қорытындысы бойынша Ernst&Young компаниясы сыртқы аудит жүргізген. Қордың денсаулық сақтау саласына, атап айтқанда, ауыр және сирек кездесетін сырқатқа шалдыққан науқастарды дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуге ерекше мән беретіні жөнінде баяндады. Осы мақсатта 461 адамға, соның ішінде 342 балаға 57,7 миллиард теңге бөлінген.

Қатерлі ісікке душар болған 1200-ден астам адамға құны 14,5 миллиард теңге болатын арнаулы препараттар берілген. Бес онкологиялық орталық пен балаларға қызмет көрсететін 22 нейрохирургия бөлімшесіне заманауи құрал-жабдықтар сатып алынған. Балалар мүгедектігінің алдын алуға арналған 13 ерте араласу орталығын ашу жоспарланған болатын. Бүгінде осы мақсаттағы 10 нысан қызмет көрсете бастаған. Әлеуметтік қолдау бағытында аутизм белгілері бар балаларға арналған 7 орталық, сондай-ақ өңірлерде 6 оңалту орталығы пайдалануға берілген.

Алдағы уақытта тағы 20 орталық іске қосылады. 150 адам инновациялық протезбен қамтылған.

Болат Жәмішев тірек мектептердің әлеуетін дамыту жобасы аясында 135 ауыл мектебі жаңғыртылғанын жеткізді. Алматы облысындағы 50 мектепте және Қарағанды облысындағы 86 білім ошағында физика, химия, биология сабақтарына арналған заманауи кабинеттер жабдықталған. Қордың білім беру гранттарына 3 мыңнан астам студент ие болған. Ақтөбе облысында 134 шағын жинақты мектептің материалдық-техникалық базасы жаңарып, цифрлық технологиялар арқылы оқытудың төрт моделі енгізілген. Мәдениет пен спорт саласында Батыс Қазақстан облысының кітапханаларын комьюнити орталық ретінде қайта құру және 13 модульді спорт залын салу жұмыстары қолға алынғанын хабарлады. Елді мекендердегі 100 балалар спорт залы жабдықталған.

Сонымен қатар ол қор тасқыннан зардап шеккен жандарға қолдау көрсетіп, бес облыстағы 627 үйдің құрылысын қаржыландырғанын баяндады. «Шағын қалалар – үлкен мүмкіндіктер» әлеуметтік бастамасы аясында ірі кәсіпорындардың және бизнестің қолдауымен моноқалалардың инфрақұрылымын жақсарту бағдарламасын әзірлеу жоспарланып отырғанын айтты. 

Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақстан халқына» қорының жұмысын жоғары бағалап, қайырымдылық шараларының Қазақстандағы азаматтық қоғамның дамуы мен әлеуметтік тұрақтылығын нығайтудағы маңызын атап өтті.