19 Желтоқсан 16:04
...

Мемлекет басшысы Euronews директорлар кеңесінің төрағасы Педро Варгас Давидті қабылдады

Ақорда
Фото: Ақорда

Кездесуде Қазақстан мен Euronews телеарнасы арасындағы ынтымақтастық мәселелері талқыланды. Бұл – көптеген тілде хабар тарататын әлемдегі көшбасшы БАҚ-тың бірі.

Астана, NEGE. Қасым-Жомарт Тоқаев Euronews арнасының елімізде аймақтық хабы ашылуын өте маңызды оқиға деп бағалады. Осы арқылы дүние жүзінің түкпір-түкпіріндегі көрермен Қазақстанның ғана емес, Орталық Азияның экономикалық, мәдени және туристік әлеуетімен жақын танысуға мүмкіндік алады.

Президент аталған медиа алаңы аймақтағы елдер мен Еуропа Одағы арасындағы диалог пен өзара түсіністікті ілгерілетуге септігін тигізетініне назар аударды.

Педро Варгас Давид Euronews Academy жобасының жоспарымен таныстырды. Аталған бастама Қазақстан журналистерінің заманауи технологияларды меңгеруі мен жоғары кәсіби стандарттарды игеруіне бағытталған. Бұл отандық медианың бәсекеге қабілеттілігін арттыруға ықпал етеді.

Мемлекет басшысының айтуынша, еліміз жаһандану жағдайындағы ақпараттық ортада тиімді жұмыс істей алатын білікті мамандар даярлауға қызығушылық танытып отыр.

Педро Варгас Давид Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың басшылығымен Қазақстанның орнықты дамуын қамтамасыз ету және қоғамның ашықтығын арттыру мақсатында жүргізіліп жатқан реформалардың маңызына тоқталды.

Бұдан бөлек, әңгімелесу барысында әлемдегі геосаяси ахуалға қатысты өзекті мәселелер талқыланды.