Президент Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбекті қабылдады
Жеңіс Қасымбек елорданың әлеуметтік-экономикалық және инфрақұрылымдық дамуы жөнінде мәлімет берді.
Алматы, NEGE. Ол барлық негізгі экономикалық көрсеткіштер бойынша оң динамика байқалатынын айтты. Былтыр тартылған инвестиция көлемі 1,6 триллион теңге болған.
Өңдеу өнеркәсібі, білім, медицина, логистика, көлік және басқа да салаларда іске асырылған жобалардың нәтижесінде 1,8 мың жұмыс орны ашылған.
Өткен жылы JOLTAP жобасы аясында 6 мыңға жуық азамат жұмысқа орналасқан. Ал биыл жұмыспен қамтылатын азаматтардың санын 2 есе ұлғайту, яғни 12 мың адамнан асыру жоспарланып отыр. Жалпы 2024 жылы 58 мыңға жуық жұмыс орнын ашу көзделген.
Былтыр күзде «Оңтүстік-Шығыс» газ жылу станциясын, «Тұран» газ жылу станциясының бірінші кезегін және үшінші ЖЭО-ны іске қосу нәтижесінде жылу қала бойынша ұзақ уақыттан бері алғаш рет артығымен беріліп жатыр. Елорданың тыныс-тіршілігін қамтамасыз ететін бұл нысандардың қуаты – сағатына 1140 гигакалория.
Биыл «Тельман» газ жылу станциясының бірінші кезегі және «Тұран» газ жылу станциясының екінші кезегі, үшінші ЖЭО-ның көмірмен жылытылатын бөлігінің іске қосылатыны туралы мәлімет берді. Бұл нысандар қаланы қосымша 600 Гкал/сағат жылу қуатымен қамтамасыз етеді;
Әлеуметтік нысандардың құрылысы, апатты жағдайдағы ескі үйлерді сүру, құрылысы ұзаққа созылған нысандарды салып бітіру, тұрғын үй алаптарын дамыту, қаланы абаттандыру және көгалдандыру жұмыстары туралы айтты.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев елорданы одан әрі дамыту жөнінде бірқатар тапсырма берді.