USD
USD
USD

Мемлекет басшысы әскери реформаның жаңа міндеттерін белгіледі

Президент – Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің Жоғарғы Бас Қолбасшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қорғаныс ведомствосының басшылық құрамымен өткен кеңесте әскерді түбегейлі реформалау қажеттігін атап өтті. Президент жаңа үлгідегі әскер қалыптастыру үшін қолбасшылық жүйесін халықаралық озық тәжірибеге сай жетілдіру, армияны цифрлық трансформациялау және қазіргі заманғы қауіп-қатерлерге бейімдеу міндеттерін айқындады.

gov
Фото: gov

Астана, NEGE. Мемлекет басшысы Қорғаныс министрлігіне бірқатар кезек күттірмейтін міндет жүктеп, әскери кадрларды іріктеу мен бағалаудың ашық критерийлерін енгізу, кәсіби даярлықты күшейту, әскери қызметшілердің өмірі мен қауіпсіздігін басты орынға қою қажеттігін айтты. Сондай-ақ Қауіпсіздік Кеңесінің Аппаратына Қорғаныс министрлігімен бірлесіп, әскерді реформалау жөнінде нақты жоспар әзірлеу тапсырылды.

Осы бастамалардың мәні мен алдағы реформаның негізгі бағыттарын саясаттанушы Ардақ Монтаев саралап, жаңа үлгідегі армия қалыптастырудың стратегиялық маңызы, цифрлық технологиялардың рөлі, кадрлық саясат пен әскери тәрбие жүйесін жаңғырту мәселелері жөнінде пікір білдірді.

— Мемлекет басшысы Қарулы Күштерді түбегейлі реформалап, жаңа үлгідегі әскер қалыптастыру міндетін қойды. Бұл реформаның еліміздің қорғаныс қабілетін дамытудағы негізгі бағыттары қандай?

— Мемлекет басшысының бұл бастамасы Қазақстанның қорғаныс саясатын жаңа кезеңге шығаруға бағытталған маңызды қадам деп бағалауға болады. Мұнда ең алдымен заманауи қауіп-қатерлерге бейімделген, кәсіби даярлығы жоғары, технологиялық мүмкіндіктері кең және басқару жүйесі тиімді Қарулы Күштерді қалыптастыруға басымдық беріліп отыр. Президенттің өзі реформаның мақсатын жаңа үлгідегі әскер жасақтау деп айқындады. Бұл ретте реформаның кезең-кезеңімен, нақты жоспар негізінде жүзеге асуы маңызды. Әскери реформаның жоспарын Қауіпсіздік Кеңесінің қарауына шығару оның жүйелі түрде іске асуына мүмкіндік береді. Ең бастысы, бұл мәселе Мемлекет басшысының жеке бақылауында тұр. Сондықтан алдағы кезеңде қойылған міндеттердің нақты нәтижеге айналатынына негіз бар.

— Президент армияны қазіргі заманғы қауіп-қатерлерге бейімдеп, цифрлық трансформация мен жаңа технологияларды кеңінен қолдану қажеттігін айтты. Бұл бағыт Қарулы Күштердің даму мүмкіндіктерін қалай кеңейтеді?

— Цифрлық трансформация Қарулы Күштердің даму мүмкіндіктерін айтарлықтай кеңейтетін бағыттардың бірі. Бүгінде армияда цифрлық басқару, жасанды интеллект, автоматтандырылған жүйелер және цифрлық білім беру платформалары бойынша нақты жобалар іске асырылып жатыр. Бұл технологиялар шешім қабылдау жылдамдығын арттырып, әскери даярлықтың сапасын көтеруге және ресурстарды тиімді басқаруға мүмкіндік береді. Меніңше, Қазақстан үшін маңыздысы — технологияны жай енгізу емес, оны әскери басқарудың жаңа мәдениетінің бір бөлігіне айналдыру. Мемлекет басшысының тапсырмасы осы процесті жаңа деңгейге шығаруға жол ашады. Президенттің реформаны жеке бақылауында ұстауы бұл бағыттағы жұмыстың жүйелі жалғасуына қосымша серпін береді.

— Әскери кадрларды іріктеу мен бағалаудың ашық критерийлерін енгізу және кәсіби даярлықты күшейтуге ерекше мән берілді. Бұл бастамалар әскери басқару жүйесін жетілдіруге қандай мүмкіндік береді?

Кез келген реформаның нәтижесі ең алдымен оны жүзеге асыратын кадрларға байланысты. Сондықтан әскери мамандарды іріктеу мен бағалаудың ашық критерийлерін енгізу, кәсіби білім мен даярлықты жетілдіру — армияның ұзақ мерзімді дамуы үшін маңызды қадам.

Бұл жерде тәжірибелі, білімді, заманауи технологияларды меңгерген және стратегиялық ойлай алатын офицерлер корпусын қалыптастыруға мүмкіндік бар. Қазақстанда әскери білім беру жүйесін цифрландыру және кадрлық әлеуетті дамыту бағытында да жұмыс жүргізіліп келеді. Сондықтан жаңа тәсілдер әскери басқарудың сапасын арттырып қана қоймай, армиядағы кәсіби өсуге жаңа мүмкіндіктер қалыптастырады. Бұл бағыт та Мемлекет басшысының реформалық күн тәртібінің маңызды бөлігі ретінде жеке бақылауында болады.

— Мемлекет басшысы әскердегі тәрбие жұмысын күшейтіп, әскери қызметшілердің өмірі мен қауіпсіздігін басты орынға қоюды тапсырды. Бұл бағыттар заманауи әрі кәсіби армия қалыптастыруда қандай рөл атқарады?

— Кәсіби армия дегенде біз тек әскери дайындық деңгейін ғана түсінбеуіміз керек. Оның негізінде ең алдымен тәртіп, жауапкершілік, отансүйгіштік және әскери қызметшінің өмірі мен қауіпсіздігіне деген жауапкершілік тұруы қажет. Сондықтан Мемлекет басшысының әрбір әскери қызметшінің өмірі мен қауіпсіздігін басты орынға қою туралы тапсырмасы өте маңызды. Бұл армияны дамытуда адам факторына ерекше мән беріліп отырғанын көрсетеді.

Тәрбие жұмысына да осы тұрғыдан қараған жөн. Әскер жас азаматқа тек әскери машық беретін орта емес, сонымен бірге жауапкершілікті, тәртіпті, елге қызмет етудің мәнін түсіндіретін маңызды мектеп болуы керек. Ол үшін әскери тарихты, ұлттық құндылықтарды, отаншылдықты заманауи біліммен ұштастыру маңызды. Сонда жас сарбаз өз міндетін тек бұйрықты орындау ретінде емес, ел алдындағы азаматтық жауапкершілік ретінде қабылдайды.

Жалпы, Президент белгілеп отырған бағыттардың барлығы бір-бірімен байланысты. Кәсіби даярлық, заманауи білім, тәрбие және қауіпсіздік қатар дамыса, армияның жаңа сапалық деңгейге көтерілуіне берік негіз қалыптасады. Ең маңыздысы, бұл реформаның барлық негізгі бағыты Мемлекет басшысының жеке бақылауында. Сондықтан алдағы кезеңде қойылған міндеттердің нақты іске асып, Қазақстан армиясының заманауи, кәсіби әрі адамға бағытталған институт ретінде одан әрі нығая түсетініне негіз бар.

Қазір оқып жатыр

АҚШ-қа тікелей рейс: FAA Қазақстандағы ұшу қауіпсіздігін бағалау жұмысын аяқтады

FAA сарапшылары отырысы

Тоқаев Елена Рыбакинамен кездесті

Елена Рыбакина

«Креслосыз» қалған Әшімбаев: саясаткердің ықпалы әлсіреді ме?

Мәулен Әшімбаев

Алексей Чуркин Азиадада ауыр атлетикадан әлем рекордын жаңартты

Алексей Чуркин