1 Наурыз 18:52

Мемлекет басшысы Абай облысының әкімі Нұрлан Ұранхаевты қабылдады

Ақорда
Фото: Ақорда

Нұрлан Ұранхаев облыстың өткен жылғы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындысы туралы баяндады.

Алматы, NEGE. Былтыр өңір экономикасына 568,9 миллиард теңге инвестиция салынған. Бұл орайда өсім 132,7 пайыз болса, оның ішінде жеке инвестиция көлемі 131,5 пайызға артқан.

Жұмыс істеп тұрған шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің саны 107,1 пайызға ұлғайып, 53,2 мыңға жеткен. Өнеркәсіп өндірісі 105,1 пайызға, ауыл шаруашылығы өсімі 103,5 пайызға, құрылыс көлемі 119,1 пайызға артқан.

Президенттің тапсырмасына сәйкес облыста Әлеуметтік-экономикалық дамудың кешенді жоспары іске асырылып жатқанын айтты:

– жоспарда инвестиция көлемі 1,9 триллион теңге болатын 102 жоба қамтылған;

– «Қаражыра» кен орнында көмір-химия кешенін және қуаты 1 ГВт болатын үшінші жел электр станциясын салу жобалары пысықталып жатыр;

Шекара маңындағы өңіраралық ынтымақтастықты дамытуға ерекше көңіл бөлінетінін жеткізді:

– ҚХР-дың Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданымен бірлесе отырып, инвестициялық жобалар және шекарадан өткізудің уақытша пунктін салу туралы уағдаластыққа қол жеткізілген;

– өңір туризмінің дамуына серпін беретін «Семей – Тачэн (Шәуешек)» әуе рейсін ашу жұмыстары жүргізіліп жатыр;

– Татарстан Республикасымен ынтымақтастықты дамытудың жол картасына қол қойылған;

Үшінші жылу электр орталығы құрылысының техникалық-экономикалық негіздемесін әзірлеу барысы жөнінде баяндады:

– алдын ала есепке сәйкес, жоспарланған жылу қуаты 1200 Гкал/сағатты және электр қуаты 360 МВт-ты құрайды;

– өңір тұрғындарын таза ауызсумен толық қамтамасыз ету үшін 46 жобаны іске асыру қарастырылған.

Сонымен қатар «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында 2025 жылға дейін 5700 оқушыға арналған 11 мектеп салу жоспарланған.

«Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасын іске асыру шеңберінде 2025 жылға дейін облыста алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсететін 65 нысан салынады. Олардың құны 10,8 миллиард теңгені құрайды.

Қасым-Жомарт Тоқаев облысты одан әрі дамыту және тұрғындардың әл-ауқатын арттыру жөнінде бірқатар тапсырма берді.