Мектеп терминологиясы қашан жүйелендіріледі?
16 наурызда Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің Тіл саясаты комитетінің ұйымдастыруымен мектеп терминологиясының ғылыми негізі мен әдіснамасын жетілдіру, жүйеленген базасын қалыптастыру мақсатында «Мектеп терминологиясы: бүгінгі жай-күйі мен жүйелеу мәселесі» тақырыбында онлайн форматта республикалық әдістемелік-сараптамалық семинар өтті.
Нұр-Сұлтан, NEGE. Комитет төрағасы Әділбек Қаба кіріспе сөзінде негізі қаланған ғылыми тілімізді одан әрі дамыту, ана тілімізді қазіргі ақпараттық-инновациялық заманның сұранысына сай келетін тілге айналдыру мәселесінде терминологияның алатын орны айрықша екеніне тоқтала келіп, терминологияның ғылыми негізі, практикалық қолданысы, пән терминдері мектептен бастау алатынын ескере отырып, мектеп терминологиясын дамытуға бағытталған кешенді шаралар қабылданатынын атап өтті.
Семинарда Республикалық ғылыми-практикалық білім мазмұнын сараптау орталығы директорының орынбасары, п.ғ.к Мәншүк Мұқаметқали «Мектеп оқулықтарындағы терминдерді біріздендіру мәселесі» тақырыбына тоқталып, тәжірибе барысында туындаған бірқатар шешімдерді атаса, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті, Шетел филологиясы кафедрасының профессоры, ф.ғ.к Мадина Анафинова өз баяндамасында жалпы білім беретін мектептердің әртүрлі мақсатты топтарында тілді арнайы мақсатта оқыту мәселелерін, атап айтқанда терминологиялық корпус бірліктерін пайдаланудың қиындықтарын түсінуге үйрету мәселелерін қамтыды.
Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығының жетекші ғылыми қызметкері, ф.ғ.к Сая Итеғұлова «Мектеп оқулықтарындағы терминдерді ұлттық сипатта қалыптастырудың кейбір мәселелері» баяндамасында мектеп терминологиясын Ахмет Байтұрсынұлы, Елдес Омаров сияқты Алаш қайраткерлерінен бастау алып, бүгінгі жетекші терминологтар ұстанған терминжасам қағидаттарының негізінде дамыту қажеттілігін айта келе, терминдердің дефинициясын ашу тұрғысынан пәнаралық байланысқа аса мән беріп, оқушылардың жас ерекшелігін ескеру керектігіне назар аударды.
Сондай-ақ А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты Терминология орталығының басшысы, ф.ғ.к Сәрсенбай Құлманов қоғамдағы ғылым салаларының, оның ішінде мектепте оқылатын пәндердің қазақ тілінде «сөйлеуін» қамтамасыз ету мемлекеттік тілді қолдану мен дамытудың алғышартының бірі екендігін және мектеп терминологиясының ғылыми-практикалық негізін қалыптастыру ортақ мәдениетті, біртұтас халықты қалыптастырудың қазіргі заманғы қуатты инновациялық құралдарының бірі екеніне ерекше назар аудару қажеттігін айтты.
Іс-шараны қорытындылай келе мектеп терминологиясын жүйелеу жөнінде қарар қабылданды. Қарар тиісті жұмыс жүргізу үшін Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясы, А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты, «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық ғылыми орталығы, Республикалық ғылыми-практикалық білім мазмұнын сараптау орталығы сынды бірқатар ғылыми ұйымдарға және өңірлер әкімдіктеріне жолданады.
Қазір оқып жатыр
Абай облысында жүргізуші куәлігін алуға көмектескен лауазымды тұлғалар ұсталды
30 маусымда қос Палатаның бірлескен қорытынды отырысы өтеді
«Van Cleef алқасын, Dior сөмкесін пара ретінде алған»: Кореяның экс-бірінші ханымы тағы 7 жыл арқалады
Бейбіт Құсайынов: Қазақстанда екінші орын алсаң, «бірінші орын алдым» деп есептей беруге болады