USD
USD
USD

Мектеп – баланың өзін-өзі дамытатын мекені

Қазіргі кезде білім беру жүйесін көбіне талаптар мен міндеттер жиынтығы ретінде қабылдаймыз. Алайда мұндай көзқарас дұрыс емес. Ы. Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясының вице-президенті Арсен Байтуков мектептің бала өміріндегі маңызын айтты. 

мектеп
Фото: Фото: pixabay.com

Мектеп баланың тек сабақ оқитын орны емес, өзін танып, қабілетін ашатын, жан-жақты дамитын ортаға айнала ала ма? Сабақтар күйзеліс тудырмай, керісінше баланың өз жолын табуына көмектесе ала ма? Бұл сұрақ бүгінгі таңда ерекше мәнге ие. Себебі қазір елімізде оқушының қажеттілігін бірінші орынға қоятын, заманауи әрі қауіпсіз білім беру кеңістігін қалыптастыруды мақсат еткен «Келешек мектептері» ұлттық жобасы іске асырылып жатыр. 

– Арсен Қастайұлы, баланың өзін-өзі дамыту жолы неден басталады?

– Әуелі қызығушылықтан. Әр бала мектеп табалдырығын аттағанда бойында білсем, үйренсем, зерттесем деген табиғи құштарлық болады. Егер мектеп сол ынтаны қолдап, дамытуға жағдай жасаса, ол баланың ішкі уәжіне айналады. Ал ішкі ынта – кез келген сыртқы талаптан әлдеқайда күшті.

Өзін-өзі дамыту – біреудің үмітін ақтау емес, өз ісіңнен мән табу. Балаға қателесуге, қайта бастауға, өзін әр қырынан сынап көруге мүмкіндік берілсе, ол шынайы өсу жолына түседі. Мұндай жағдайда оқу міндет емес, өзін танытудың бір тәсіліне айналады.

– Оқушының әлеуетін ашу үшін мектеп қандай болуы тиіс?

– Ең алдымен, бала өзін еркін сезінетін, жылы әрі қолайлы орта болуы керек. Қателігі үшін жазаланбайтын, пікірін ашық айтуға қорықпайтын жерде ғана оның бойындағы қабілеті ашылады. Әр бала – жеке тұлға. 

Балаларға түрлі салада өздерін сынап көруге мүмкіндік беру қажет. Бірі математикаға қызықса, бірі сахнаға ұмтылады, енді бірі қолөнерге бейім болады. Таңдау еркіндігі арқылы ғана ол өзіне жақын істі табады. Мектеп олардың өсіп-жетілуіне жол ашатын орта болуы тиіс.

– Бала бойындағы қабілетін өз бетімен дамыта ала ма?

– Толыққанды дамуға адам жалғыз жете алмайды. Ол үшін қолдау, бағыт беретін ересектер мен орта қажет. Мектеп тек сабақ өтетін орын емес, түрлі жобалар, үйірмелер, пікір алмасулар өтетін ортаға айналуы тиіс.

Бала ғылымда, спортта, өнерде немесе қоғамдық істерде өзін сынап көргенде, өз күшіне сенімі артады. Өзінің қоғамға пайдалы бола алатынын түсінеді.

– Оқушының дамып келе жатқанын қалай аңғаруға болады?

– Мұны баланың іс-әрекетінен байқауға болады. Егер ол сұрақ қойса, жаңа дүниеге қызықса, бастама көтерсе, жауапкершілік алса – бұл оның дамып келе жатқанының белгісі.

Ол өзі кітап іздейді, пайдалы ақпарат қарастырады, ұстаздармен кеңеседі. Алдына шағын болса да мақсат қояды, сол үшін еңбек етеді. Жетістігіне өзі риза болады, біреудің мақтауы үшін емес, өзіне маңызды болғаны үшін. Мұндай бала дайын үлгімен емес, өз жолымен дамиды.

– «Келешек мектептері» жобасының ерекшелігі неде?

– Бұл – жай ғана ғимараттарды жаңарту емес, түбегейлі өзгеріс. Оқыту тәсілдері де, мектеп ішіндегі жағдай да қайта қаралды. Ең бастысы – барлық өңірге ортақ сапа стандарты енгізілді. Мектептер мүмкіндігі шектеулі балаларға да қолайлы етіп салынып жатыр, заманауи шеберханалар, цифрлық технологиялар қарастырылған. Мақсат – таңдаулы мектептер ашу емес, барлық балаға тең мүмкіндік беру.

Оқу барысында теория мен тәжірибе қатар жүреді. Зертханалар, робототехника, топтық жобалар енгізілген. Әр оқушы өз оқу бағытын таңдай алады. Цифрлық қолдау мен тәлімгерлер көмегі бар. 7-сыныптан бастап кәсіби бағдар беріледі. Оқушы кураторымен бірге болашақта қай бағытты таңдайтынын анықтайды.

– Жобаның болашағын қалай бағалайсыз?

– Қазірдің өзінде үш мыңнан астам мұғалім жаңа форматтағы мектептерде жұмыс істеуге арнайы дайындықтан өтті. Мектеп басшыларын да жеке бағдарлама арқылы даярлап жатырмыз. Бұл бір реттік шара емес, жүйелі жұмыс.

Біз кәсіби біліктілікке, бірлесе жұмыс істеуге, үздіксіз дамуға басымдық береміз. Осы мектептер жаңарған білім жүйесінің тірегіне айналады деп сенеміз. Мұнда қалыптасқан басқару мен оқыту үлгісі, мәдени орта кейін бүкіл елге тарайды.

Бұл мектептердің басты құндылығы – бала. Оның қабілеті, таңдауы, болашағы. Сондықтан бұл – жай мектеп емес, бұл – Қазақстанның ертеңі.

Қазір оқып жатыр

Атырау облысында дронға ұқсас техниканың бөлшектері табылды

.

«Шаршап кеттім»: Еркебұлан Тоқтар жеңілістен кейін үзіліс алатынын айтты

.

Шымкентте дәріханалардағы егу бөлмелерінде 4 адам қайтыс болған

науқас

Екінші әйелін шәкіртіне берген Құрбанәлі Ахметке айыппұл салынды

Құрбанәлі Ахмет