Медведев жазбасының құпиясы: қазаққа қауіп қайдан?

Дмитрий Медведев әлеуметтік желідегі жазбасын терістеуді көмекшісіне табыстапты. Айтуынша, "Вконтакте" желісіндегі парақшасын біреу бұзып кіріп, пернетақтасын тасырлатып басып, жазба қалдырып кеткен көрінеді.
«VK-да Дмитрий Анатольевич жариялаған соңғы жазба теңізшілерді Әскери-теңіз күштері күнімен құттықтауға арналды. Ал кеше оның парақшасын бұзып кіріп, басқа жазба жариялағандарға қатысты мәселені әлеуметтік желінің әкімшілігі шешеді», - дейді Ресейдің Қауіпсіздік кеңесі төрағасы орынбасарының көмекшісі.
Жазбаның мәтіні сұмдық. Кім жазса да, посткеңестік кеңістікте тұратын халықтарды бір дүрліктірді. Мазмұны мынаған саяды:
«Ресей Украинаны жаулап алған соң, славян халықтары бас болып, бұрынғы Кеңес одағын қайта құрады. Қазақстанның солтүстігі – орыстың жері. Соңғы отыз жылда қазақ билігі орыстарға геноцид жасап келеді. Бұл жауапсыз қалмайды!»
Әрине, бұл жайт қазақстандықтарды да қатты алаңдатып отыр. Өйткені, бұл посттың авторы – басқа емес, Ресейдің бұрынғы президенті әрі Қауіпсіздік кеңесінің белді мүшесі Дмитрий Медведев. Сондықтан NEGE қазақстандық сарапшылардан бұл тосын жазбаның астарында не жатқанын сұрап білді:
Сергей Дуванов, саясаткер:
Мұның бәрі босқа жасалып жатқан жоқ
– Бұл арандатушылық әрекетке көбірек ұқсайды. Біріншіден, Грузия мен Қазақстанда қандай реакция болатынын байқағысы келеді. Екіншіден, қоғам тарапынан қарымта жауаптың қандай болатынын күтіп отыр. Ондағы мақсаты – Ресей мемлекетіне қарсы осы елдердегі теріс пікірлерді теріп көрсетіп, баспасөз арқылы толқу тудыру. Яғни, «қараңдаршы, бізді мыналар қалай жек көреді», – дегендей.
Осы арқылы Украинада жасап жатқан әрекеттерін ақтап алмақ. Әрине, олар «парақша бұзылған» деп, айтқандарын жоққа шығаруға тырысады. Десе де, жазбада айтылған жайттардың болашақта іске асуы мүмкін екенін жоққа шығармаймын.
Өйткені, КСРО-ны қайта қалпына келтіру идеясы Ресейдің басшыларының ғана емес, қарапайым адамдарының да көкейінде жүрген нәрсе. Ресейліктер Украинаға, Грузияға қарсы Кремльдің экспанциялық саясаттын толық қолдайды. Мұны әлеуметтік сауалнамалар нақты көрсетіп отыр.
Демек, бұл – жалпы реваншистік көңіл-күй деген сөз. Бұл әсте құпия емес. Бүкіл Ресей осымен тыныстап, өмір сүріп жатыр. Сондықтан Медведевтің, Шойгудің және басқа да саясаткерлердің сөзі тереңде жатқан реваншизмнің көрінісі. Мұны басқаша бағалай алмайсың.
Бұл – ресейліктер мен қазақтар арасына от салу. Қазақстандағы орыстардың арасына жік салуды айтпағанда. Қазақстандағы орыстардың дені өзін қазақстандық деп есептейді. Бірақ олардың арасында Путинді қолдаушылар өте көп.
Ертең Украина сценарийі қайталайтын болса, олардың алдында бөлшектенген қоғамның болғанын қалайды. Алдымен қазақстандықтарды екі қосынға бөледі. Сонда діттегеніне жету оңайға түседі.
Мұның бәрі босқа жасалып жатқан жоқ. Бұл шын мәнінде парақшаны бұзу болды десек те, бұдан өзге басқа да саясаткерлердің мәлімдемелерін, осы тақілеттес мәселелердің Думада жиі көтерілетінін жақсы білеміз. Ең қорқыныштысы – мұның бәрі ресейліктердің көңілінен шығатыны.
Арман Шораев, қоғам белсендісі:
Мұны Димонның өз қолымен жазғанына ешқандай күмәнім жоқ
– «Бұзып кірді» дегені өтірік. Ол шынымен солай ойлайды. Жұрт айтып жүрген сөз рас та шығар – араққа салынған адамның сөзіне ұқсайды. Бірақ мұны Димонның өз қолымен жазғанына ешқандай күмәнім жоқ.
Бұл жерде біздің бас прокуратура Медведевтің үстінен іс қозғауы керек. Бұл жерде Қазақстанның қылмыстық кодексінде көрсетілген баптарға сәйкес келетін сөздер айтылған. Сыртқы істер министрлігі персона нон грата жариялауы тиіс деп ойлаймын. Оның үстінен іс қозғауы керек. Жай қалдыруға болмайды. Жалтақтауды қоюымыз керек.
Меніңше, Ресей қазір Украинада таяқ жеп жатыр. Соның кесірінен миы шайқалып жатыр. Бізге де тиісе бастады. Медведев – Ресей Федерациясының бұрынғы президенті. Айтылған сөзінің салмағы басқа. Қазақ халқынан өзі кешірім сұрауы қажет.
Кремльдің мұндай жоспарлары болған да шығар. Бірақ Украинада тістері қағылды. Енді қай тесікке кірерін өздері де білмей жатыр. Қазір азуы қалмады. Тісі бізге де батпайды деп ойлаймын.
«Бейбітшілікті қаласаң, соғысқа дайындал» деген тәмсіл бар. Сондықтан бәріне дайын болған абзал. Ресейдің арам пиғылы бар. Салмағы жоқ, әлсіреген мемлекетпен ғана соғыса алады. Мұны бірнеше мәрте байқадық. Айталық, Грузия мен Молдовияда және Украинада. Сондықтан бізге қарулы күштерімізді мейлінше нығайту керек.
Самат Нұртаза, саясаттанушы:
Енді нота жібере алмаймыз
– Көмекшісі бұл жазбаны Медведевтің жазғанын жоққа шығарды. Бұған сену, сенбеу – әр адамның құқығы. Болар іс болды. Қоғамда толқу туды. Қоғам белсенділері біраз шу көтерді. Бірақ біздің ресми билік өкілдері ешқандай реакция білдірген жоқ. Көмекшісінің сөзіне сүйеніп, «ештеңе болмады» пікір қалыптастырған секілді. «Екі жақтың қарым-қатынасын бұзбайық» деп қос тарап та үндемей қалды. Тек қоғамда қызу талқы жүріп жатыр.
Біреулер жазбаға сеніп қалды, екіншілері «жалған ақпарат» дегенге иланды. Бірақ ешкімнің дәлелі жоқ. Бұл жазбаны ресейлік Воронов деген кісі жария етті. Сол кісінің телеграм арнасынан алып, посткеңестік аймақтағы адамдар бөлісіп жатыр.
Мәтіннің мазмұнына қарасақ, бұрын Жириновский, Лимонов, Федоров және басқа да адамдар айтып келе жатқан әңгіме. Бұған етіміз үйреніп те кетті. Бірақ бұрын президент, премьер-министр болған адамның парақшасындағы пост бізге түсініксіз жайт болды.
«Бұл Медведевтің өзі емес, парақшасын бұзған хакерлердің ісі» деген жауап берілді. Сондықтан ресми түрде бұған ештеңе айта алмаймыз. Виртуалды өмірде мұндай жағдайлар болып тұрады. Мұны біле тұра қандай нота жібере аламыз? Үндемесе, онда бұл – «біздің сөз» дегенді білдіретін еді. Сондықтан мұны әр адам өз түйсігіне қарай қабылдауы керек деп ойлаймын.