21 Маусым 11:46
...

Медеу ауданында «Халық қатысатын бюджет» бағдарламасы бойынша 14 жоба қолға алынған

Фото:

Биыл «Халық қатысатын бюджет» бағдарламасының тиімділігін ескере отырып, қаланың 8 ауданына қосымша 7 млрд теңге берілді. Оның ішінде Медеу ауданына қосымша 875 млн. теңге бөлінді.

Алматы, NEGE. «Аталған қаражатқа 14 жобаны, оның ішінде аула аумақтарын жөндеу, қоғамдық кеңістіктерді абаттандыру, балалар алаңдарын жайластыру және терең контейнерлер орнату жоспарланған», - деді қала әкімі Ерболат Досаев аудан тұрғындарымен кездесуде.

Сондай-ақ, Медеу ауданында абаттандыру бойынша 122 жоба жыл соңына дейін аяқталады. Медеу ауданында жайлы қалалық ортаны дамыту бойынша жұмыстар жалғасып отыр. 

«Биылғы жөндеу аясында 122 жобаны іске асыру жоспарланған, оның ішінде 80 ауланы жабдықтау, 23 үйдің қасбетін жаңарту, 13 жер үсті және жер асты жаяу жүргіншілер өткелін жөндеу, 4 автоматты суару жүйесін реконструкциялау және 2 қоғамдық кеңістікті абаттандыру көзделіп отыр. Жобалар осы жылдың IV-ші тоқсанында аяқталады», - деді Ерболат Досаев.

Сонымен қатар Мемлекеттік музей жанындағы скверді реконструкциялау жаз соңында аяқталады.

Тамыз айының соңына дейін «Самал-1» шағын ауданындағы ҚР Мемлекеттік музейінің жанындағы саябақты реконструкциялауды аяқтау көзделген. Шілде айында «Самал-1» шағын ауданындағы «Журналистер» скверін реконструкциялау басталып, жыл соңына дейін аяқталады.

Тұрғындардың өтініші бойынша қыркүйек айының соңына қарай «Алатау» шағын ауданындағы Ибрагимов көшесінің бойына сквер салынады.

«Аудандағы коғамдық кеңістіктерді дамыту аясында Тереңқұрдағы су қоймасының жоғарғы бөлігі мемлекет меншігіне қайтарылды. Қазір оны реконструкциялауға жобалау-сметалық құжаттама әзірленіп жатыр. Әрі жыл соңына дейін Тереңқұрға ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізіледі», - деді қала басшысы.

Биыл III тоқсанында Алматыдағы «Думан» шағын ауданында 5,5 км су құбыры мен 8,5 км кәріз желісі салынады. Сәуір айында жалпы ұзындығы 46 км су құбыры және кәріз желісінің құрылысы басталды.

«Көлсай», «Кеңсай» шағын аудандарында және Халиуллин көшесіндегі жұмыстарды аяқтау қазан айына жоспарланған. Ал «Компот» шағын ауданында жұмыстар биыл шілдеде басталып, 2024 жылдың шілдесінде аяқталады. «Алатау», «Атырау» шағын аудандары мен 32 көше бойынша (Шығыс айналма автожолы, Халиуллин, Тайыров, Шақшақ Жәнібек бөлігінде) сумен қамту және кәріз желілерін салу үшін жобалау-сметалық құжаттама әзірлеуге байқау жарияланды. Жобалау-сметалық құжаттаманы аяқтау желтоқсан айына жоспарланған», - деді әкім.

Соның нәтижесінде 2025 жылдың соңына дейін 55 мың тұрғын сапалы сумен және кәріз желісімен қамтамасыз етіледі.

Сонымен қатар, Алматының Медеу ауданында 32 км жол жөнделеді.

Қалалық мобилділік басқармасының желісі бойынша ауданда ұзындығы 32 км болатын 37 көшедегі жолдар орташа жөндеуден өтеді.

«Мемлекеттік басқаруды децентрализациялау аясында биыл 1 сәуірден бастап барлық аудан әкімдігі өздігінше жолдарға ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізіп отыр. Жаңа функцияны орындау үшін Медеу ауданына 500 млн теңге бөлінді, бұл 50 мың шаршы метр жол төсемін жөндеуге мүмкіндік береді», - деді Ерболат Досаев.

Медеу ауданында үнемі су басатын орындар жойылды. Үнемі су басатын 7 орынды жою жұмыстары аяқталды.

Қолданыстағы коллекторларға қосылған 273 м арық желісі реконструкцияланып, салынды. Бұған қоса, 31 көшенің (23,6 км) арық желісін салу және реконструкциялау жұмыстары қолға алынған.

Бұл жұмыстар келесі жылдың IV-ші тоқсанында аяқталады.

Тегтер: