24 Ақпан 12:46
...

Медеу АРЫНБАЕВ қарттарды қуантпақ

Фото:
Жуырда еліміздің еңбек сіңірген қайраткері, белгілі әнші, композитор Медеу А

РЫНБАЕВ Композиторлар одағына қабылданған болатын. Сахнада – 35 жыл, ал сазгерлік жолда жүргеніне – 25 жыл толып отырған өнер иесі тыңдармандары алдында есеп бермек дегенді естіп, өзіне шыққан едік.

– Ұзақ жылғы еңбегіңіз ақталып одаққа мүше болып қабылданған екенсіз. Құтты болсын!

– Рақмет!

Жалпы, жаныңыздан туындаған қанша әннің авторысыз?

– Ресми түрде жарыққа шыққан елуден астам әнім бар. Ал әрбір жерде орындалып, үлкен сахнада таныстырылмаған туындыларымның ұзын-ырғасы 300-ге жуықтайды. Қазіргі таңда жеке шығармашылығымдағы әнжинақтарымды үш бөлімге бөліп, ютуб желісіне жүктедім. Бүгінгі таңда төртіншісін шығармаққа дайындық көріп жатырмын. Менің әндерімді іздеген тыңдарман сол жерден көшіріп алуларына болады.

Осы қызумен ел алдында үлкен кеш беретініңізді естіп жатырмыз. Осы рас па?

– Әрине, ниеттеніп отырған жайым бар. Негізі, өткен жылы жеке кешімді өткізбек мақсатта қала әкімдігіне өтініш жазған едім. Бірақ, болмады. Ал биыл қолдап жатса, онда тыңдармандарымды қуантсам деген ойым бар. Оның өзінде әкімдікке бастан-аяқ концертімнің шығынын көтеріп ал деп отырған жоқпын. Республика сарайын жалға алу жағына қол ұшын созса, қалғаны өзіме артылатын жүк қой.

Қазір елімізде сайлау науқаны болып жатқандықтан, ол кешті күзге жоспарлап отырымын. Оның үстіне бірден екі концерт бергенді жөн көрдім. Себебі, әндерімді қанша азайтсам да бір концертке сыймайтын түрі бар. Сондықтан екі түрлі бағытта кеш берсем деймін.

Алғашқысын 1 қазан – Қарттар күніне қарсы өткіземін. «Қарты бар үйдің қазынасы бар» деген қағидамен жыл сайын қарттарға арналған оңалту орталықтарында кеш беретін әдетім бар еді. Осы үрдістен жаңылмай, биыл мерекеде тағы құттықтасам деймін. Қарттар үйінің тұрғындарын шақырып, оларды арнайы қызыл кілемнің үстімен залға кіргізіп, тегін концерт беріп, құрмет көрсеткім келеді. Қатал қоғамнан мейірім таппаған асыл жандарды ардақтап, эстрада симфониялық оркестрдің сүйемелдеуімен жанды дауыста ән салып, көңілдерін көтерсем деген ниет еді.

Екіншісі өзімнің бенефис кешім болмақ. Онда әріптестерім  25 жыл бойы жазылған авторлық әндерімді орындайды. Атап айтар болсам, Роза Рымбаева, Жұбаныш Жексенұлы, Жеңіс Ысқақова, Мәдина Сәдуақасова сынды эстрада сахнасында қолтаңбасы қалыптасқан әншілер әндерімді шырқайды. Қазір туындыларымды үлестіру үстіндемін. Бірақ арасында өзім де шығып, төрт-бес ән орындаймын. Марқұм Әбдірахман Асылбек сөзін жазған біраз әндерім жарыққа шықпаған еді. Соларды да өңдеп жазып,  тыңдарманға ұсынсам деген жоспарым бар.

– Бір кезгі АБК тобындағы сахналық серіктестеріңіз Қыдырәлі Болманов пен Ерлан Көкеев те өзіңізді қолдау мақсатында өнер көрсететін болар?

– Оларды алдыңғы қатардан құтты қонақ ретінде көргім келеді. Дегенмен, өздерінің де даярлап келетін ән-кәдесі бар болар. Өз басым аяқасты болған дүниені жақсы көремін. Бірақ, бізді жалпы тыңдарманға танытқан «Тамшылар» әнін міндетті түрде бірге шырқап шығамыз.

– Сізді алда өтпек «Жас қанат» байқауының көркемдік жетекшісі етіп тағайындаған еді. Оның жайы не болып жатыр?

– Бұл байқауды мамыр айында өткізсек деген жоспар бар. Қазіргі таңда қатысушыларды іріктеп жатырмыз. Бірақ қызу дайындыққа кірісіп кеттік деп айта алмаймын. Себебі, бұл байқаудың өту-өтпеуі алдымен Алматы қаласы әкімдігінің қолдауына  байланысты.

Әйтпесе, біз дайынбыз. Биыл «Жас қанатты» өткізіп алып, ал «Азия дауысын» келесі жылға шегерсек те болар. Себебі, біраз уақытты оздырып алдық.

Тегтер: