24 Қаңтар 15:04

Мәжіліс депутаты «Марқакөл қорығының» статусын өзгертуді ұсынды

Ұлықбек Тұмашинов
Фото: Мәжіліс

Мәжіліс депутаты Ұлықбек Тұмашинов «Марқакөл қорығының» статусын өзгерту туралы Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Әлихан Смайыловқа депутаттық сауал жолдады. 

Алматы, NEGE. Ол «Марқакөл қорығының» статусын «Марқакөл ұлттық паркі» ретінде қарастыруды ұсынды.

Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың шешіміне сәйкес Шығыс Қазақстан облысында шекаралық Катон-Қарағай, Марқакөл аудандары құрылды.

«Менің сауалым жаңадан құрылған аудандардың бірі - Марқакөл ауданы туралы болмақ. Қаңтардың бірінші онкүндігінде, өңірлерді аралау кезінде осы аудандарда, яғни Қатон-Қарағай, Үлкен Нарын, Марқакөл, Күршім аймақтарында болып қайттық, сондағы қарапайым халықтың ризашылығы мен қуанышын, Президентімізге деген зор ықыласы мен алғысын көрдік!

Жаңадан құрылған аудандарға ерекше көңіл бөлу керек екені бәрімізге мәлім.

Аталған Марқакөл ауданының аймағында «Марқакөл қорығы» орналасқан. Бұл қорық Кенес Одағының кезінде құрылған. Бүгінгі күні «Қатон- Қарағай» және «Тарбағатай» ұлттық парктерімен көршілес орналасқан. Қорық болу себебінен, заңмен туристік объектілерді салуға, дамытуға тыйым салынған. Халықпен кездесу кезінде, сайлаушыларымыздың сұрауы бойынша өңірдін экономикасын, туризмді дамыту мақсатында, тұрғындарды жұмыспен қамтамасыз ету, қосымша табыс табу және осы ауданның байырғы тұрғындарының өз өлкесіне қайтып оралуына қызығушылық тудыру үшін «Марқакөл қорығының» статусын өзгертіп, «Марқакөл ұлттық паркі» ретінде қарастыру қажет. Бұл дегеніміз - осы өлкенің ертең Қазақстан елінің інжу-маржанына айналуына қосылған үлкен үлесі болар еді», - деді Ұлықбек Тұмашинов.

Депутаттың айтуынша, Ұлттық парк статусы ауданның экономикалық тыныс-тіршілігін арттырып, туристердің санын көбейтіп, ауданға өте қажет кіші бизнесті дамытуға жан-жақты мүмкіндік береді.

«AMANAT» партиясы шекаралық аудандарды дамытудың жүйелі тетіктерін жасау қажет деп есептейді! Үкімет жанынан құзырлы министрлік өкілдері санатынан, мәжіліс депутаттарымен бірге осы мәселе жөнінде топ құрып, шешу тетіктерін қарастыру қажет. Жауапты Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес белгіленген мерзімде беруіңізді сұраймын», - деді ол депутаттық сауалында.