Мәжіліс депутаты бағаны негізсіз көтеретін кәсіпкерлерді сынады
Мәжіліс депутаты Еділ Жаңбыршин кәсіпкерлердің бағаны дұрыс қоймау, тұтынушылардың құқығын шектеу мәселесін көтерді.
Астана, NEGE. «Мен де осы нормаға байланысты өзімнің пікірімді айтқым келеді. Жалпы медальдің екінші жағы бар. Оны да ұмытпауымыз керек. Ең басты мәселе –біздің Конституциямызда жазылған бірінші бап бар. Бұл адамның өмірі мен оның денсаулығы және оның құқығы деген норма. Соны біз қорғауымыз керек. Яғни, бұл жердегі мәселе жаңа айтып отырған қолданыстағы норманы азайту. Егер біз оны азайтсақ, бұл неге апаруы мүмкін? Мына цифрға көңіл аударайық. Бұл мәселені өткенде Бюрода осы мәселе талқыланғаннан кейін мен де зерттегенмін», – деді депутат.
2023 жылы сәуір айында жергілікті атқарушы органдардан мемлекеттік қадағалау Үкіметке берілген.
«Осы арада бүгінге дейін кәсіпкерлерге 1059 әкімшілік шаралар қолданған. Бірінші рет Заңды бұзғаны үшін. Бұл қандай Заңды бұзушылар? Өздеріңіз жақсы білесіздер, көбіңіз жергілікті жерде жұмыс істедіңіздер. Бұл – бағаны дұрыс қоймау немесе бағаны тіпті көрсетпеу, сөрелердегі тауарлардың бағасын азайтатын акцияларды жазып қояды. Мысалы 50 пайызға деп, бірақ кассаға келген уақытта басқа бағаны алады. Және мерзімі өтіп кеткен тауарларды сату, немесе техникалық регламентке сәйкес келмейтін тауарларды сату деген көптеген құқық бұзушылық, біздің тұтынушылардың біріншіден құқын бұзады, екіншіден сауда ережесін бұзып отыр. Осындай кәсіпкерлер біздің арамызда бар. Міне бұл норма соларға арналған. Егер ол екінші рет қайталанатын болса, оның айыппұлы өседі. Енді қараңыз, сол 1059 айыппұлдан және әртүрлі әкімшілік шаралардан кейін екінші рет бұзатындардың саны азайып кеткен. Бар болғаны 47 факт. Яғни, бұл норма жұмыс істеп жатыр деген сөз», – деп түсіндірді Жаңбыршин.
Мәжіліс депутаты аталмыш мәселеге қатысты әлемдік тәжірибені мысалға келтірді.
«Әлемдік тәжірибені алып қарайық. Британияда Бирмингем қаласында TESCO деген компания 400 грамм клубниканың бағасын дұрыс қоймай, 500 мың долларға айыппұл арқалады. Чехияда пиво сататын Билль деген компания сөреде басқа бағаны, кассада басқа бағаны көрсетеді. Бұл заңсыздық үшін оларға 280 мың кронға дейін айыппұл салады. Бұл біздің бағамен, қазіргі курспен есептегенде 6 млн-ның үстіндегі ақша. Біліп отырсыздар ма, бұл тек біздің Қазақстанда ғана емес, бүкіл Еуропада, бүкіл озық мемлекеттерде осындай, тұтынушының құқығын шектеген немесе оның құқығын бұзған компаниялардың бәріне, кәсіпкерлерге үлкен айыппұлдар салады», – деді мәжіліс депутаты.
Біз ең бірінші кезекте әділ қоғам дейтін болсақ, онда тұтынушының құқығын қорғауымыз керек.
«Қараңыздар, үлкен супер, гипермаркеттерде әлеуметтік маңызы бар тауарлардың 20 теңге, 30 теңгеге немесе 20, 30 пайызға бағасын көтереді. Жаңа Базарбек Бақытжан дұрыс айтты, кәсіпкерлер қуланып алған. Олар содан миллиондаған негізсіз пайда тауып отыр. Біз ол жағын да қарауымыз керек. Сонда олар кімді алдап отыр? Сондықтан, құрметті біздің әріптестер! Бұл норма қазіргі таңда өзінің нәтижесін беріп тұр, оны біз әлде де қарауымыз керек, қазір асығыстыққа бару қажет емес. Кәсіпкер жақсы жұмыс істейтін болса, ол заңды бұзбайтын болса, ол неден қорқады? Сен ештеңені бұзба, бағаны дұрыс қой, әділ, ашық жұмыс істе, сапалы заттарды сат, сонда ешкім саған айыппұл салмайды ғой. Ал, егер бұздың ба, онда мемлекет алдында, халықтың алдында жауап бер.
Бүкіл ел болып, қоғам белсенділері болып, депутаттар болып, әкімшілік болып, осы мәселені реттейміз деп жүр , ал олар отырып алады да халықты осылай қанайды.
Сондықтан, бұл норма қажет», — деді Жаңбыршин.