МӘЖІЛІС қашан тарайды? ДЕПУТАТТАР «ештеңе білмейді»

ҚазТАГ агенттігі «Мәжіліс 16 қаңтар күні мерзімінен бұрын таратылуы мүмкін» деген ақпарат жариялады. Олай болса, төменгі палата депутаттарының өкілеттігі де ерте тоқтамақ.
Бұл сыбыстың қаншалықты рас екенін білмекке NEGE тілшісі Мәжіліс депутаттарының өздерін сөзге тартты. Алайда олар орындарынан қашан босап қалатынын білмейтін болып шықты.
Балайым КЕСЕБАЕВА, Мәжіліс төрағасының орынбасары:
Оны өзім де білмеймін
– 16 қаңтар датасы туралы ештеңе айтпаймын. Қашан екені әлі белгісіз. Оны өзім де білмеймін.
Бұл шақырылымдағы депутаттардың ары қарай немен айналысатыны өздерінің тағдырына байланысты. Алайда Конституциялық реформаға байланысты таратылуымыз қажет. Әрине, таратыламыз. Оған дайынбыз. Бәрі заңдылық бойынша жүреді.
Біріншіден, Президент өзінің жарлығымен сайлауды екі ай бұрын белгілеуі тиіс. Одан кейін партиялық және бір мандаттық тізіммен кандидаттарды ұсыну басталады. Әрі қарай сайлау жұмыстары жүргізіледі.
Айдос САРЫМ, депутат:
Қайтадан сайлауға түсемін
– Мен ондайды естіген жоқпын. Сұрағыңызға таратылған жағдайда жауап берейін. Жалпы, біраз жоспарлар бар. Мүмкін қайтадан сайлауға түсеміз. Өзімді ұсынатын шығармын. Шешім қабылдансын, сосын айтамын ғой. Бәрін де халық шешеді.
Негізі жұмыс жетеді. Өзімнің де істейтін жұмыстарым көп. Қазір, мысалы, жергілікті өзін өзі басқару деген заңмен айналысып жатырмын. Оны «Елбасы туралы» заңның күшін жоюдан да маңызды тарихи заң деп айтуға болады.
Өйткені ол әр азаматқа қатысты. Сол заңды дұрыс қоятын болсақ, елдегі біраз мәселе, менталитет өзгереді. Халықтың өз болашағына, еліне, жеріне деген жауапкершілігі артады.
Мақпал ТӘЖМАҒАМБЕТОВА, депутат:
Екіұдай сезімде жүрмін...
– Бізге әлі нақты айтқан жоқ. Сондықтан өзіміз де біле алмай отырмыз. Әріптесім Арман ҚОЖАХМЕТОВ Мәжіліс отырысынан кейін «Осы апта аяғы немесе келесі апта таратылады» деген мәлімдеме жасап еді. Ары қарай ұсынылам ба, жоқ па, оны партия шешеді. Өйткені партиялық тізіммен келдім ғой.
Мен – шығармашылық адамымын. Егер қатыспаған жағдайда, өзімнің жеке жоспарларым бар. Бірақ қайда жүрсем де, елдегі мәдениет пен өнерге атсалысуға бар күшімді салам деп ойлаймын. Партия ұсынған жағдайда да ойланып көремін.
Дәл қазір екіұдай сезімде жүргенім рас. Жалпы, керек пе, керек емес пе деп. Өйткені қолға алған жұмыстарымның барлығы аяқсыз қалып отыр. Бір істі бастаған соң аяқтаған дұрыс. Мәжілісте мәдениетке, кітапхана, музейлерге қатысты мәселелерді көтеріп жүрдім. Екі жыл ішінде бұл заңдар шетке ысырыла берді. Енді осы жолы ғана қорғап шығып, Үкіметтің оң қорытындысын алған кезде осылай боп жатыр. Келесі жолы мен болмасам, басқа әріптестерім оны жалғастырады деп сенем. Сол уақытта сарапшы ретінде қатыса аламын. Сондықтан бәрін уақыт шешеді.
Ерлан САЙЫРОВ, депутат:
Егер партия сенетін болса, онда қаламын
– Барлығы мүмкін. Өйткені Президент өткен жылы қыркүйектегі Жолдауында «Биыл, бірінші жартыжылдықта Парламент сайлауы өтеді» деп жариялаған еді.
Депутаттыққа ұсыну партияның сиезіне байланысты. Бұл жерде жеке адамның қалауы әсер етпейді. Боламыз ба, жоқ па, бәрін халық шешеді.
Мен саясаттанушымын ғой. Парламентке келмесем, өзімнің саясаттану жұмысыммен айналыса беремін. Егер партия сенетін болса, онда қаламын. Ары қарай жасайтын жұмыстар көп. Сондықтан оның бәрі болашақта белгілі болады.