9 Қазан 09:56

Мажарстанда «Қазақстанның көшпенділері: өткені мен бүгіні» атты көрме ашылды

Көрме
Фото: Алматы әкімдігі

Мажарстанның Карцаг қаласында Алматы қаласы музейлер бірлестігі ұйымдастырған «Қазақстанның көшпенділері: өткені мен бүгіні» атты көрме ашылды.

Алматы, NEGE. Көрмеге келушілерге 200-ден астам бірегей экспонат ұсынылды, оның ішінде Абай Құнанбайұлының домбырасы, XIII ғасырдағы күміс тиындар, зергерлік әшекейлер, жүннен тоқылған кілемдер және ат әбзелдері бар. Бұл заттар қазақ халқының бай мұрасы мен мәдениетінен сыр шертеді.

Көрме үлкен қызығушылық тудырды, себебі Мажарстан аумағында қазақ даласынан көшіп барған қыпшақтардың ұрпақтары тұрады. Көрмеге келгендер халықтар арасындағы мәдени байланысты атап өтті.

«Көрме ортақ дәстүрлерімізді айқындап, жастарға халықтарымыздың туыстығы туралы мағлұмат береді», – деп Карцаг қаласының тұрғыны Шандор Бене әсерін айтты.

Экспозиция 20 қарашаға дейін жалғасады және дәстүрлі тұрмыстық заттардан басқа, Алматының заманауи сұлулығын бейнелейтін фотосуреттер де көрсетіледі.

Көрмені Қазақстанның Мажарстандағы елшісі Абзал Сапарбекұлы мен Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов тамашалады. Бұған дейін Алматы музейлері Австрияда, Италияда, Түркияда және Оңтүстік Кореяда көрме ұйымдастырған болатын.