USD
USD
USD

Майқайынсыз «Алтыналмас». Владимир Ким НЕГЕ өзінің сүйікті схемасын қайталады?

Кәсіпкер Владимир Ким еліміздегі ірі алтын өндірушінің бірі – «АК Алтыналмас» акционерлік қоғамын тура «Қазақмыс» сияқты бөлшектеп сатып жатыр. Бұл жолы да ол алдымен өзіне тиімді біршама активті бөлек шығарып алған. Сонымен қатар, компанияның басқа акционерлерімен бірге қомақты дивиденд алды.

Алтын
Фото: Nege.kz

Дәл қазір Владимир Кимнің алып империясын Шахмұрат Мүтәліп пен Нұрлан Артықбаев бөліп алғандай көрініс қалыптасты. Бірақ Ким де құралақан қалмайтынын әу бастан аңғартты. Ол компанияларын тұтас сатпай, одан өзіне керек деген активтерді бөлек шығарып, меншігінде сақтап қалуда.

отчет
Фото: "АК Алтыналмас" АҚ 2026 жылғы I тоқсан бойынша есебі

Активтерді бөлуді «Алтыналмас» акционерлері 2026 жылдың басында бастаған еді. Өткен наурыз айында «АК Алтыналмас» АҚ акционерлерінің кезектен тыс жалпы жиналысы өтіп, оның шешімімен «Анисимов ключ» ЖШС-ін 1,07 миллиард теңгеге, «Майқайын алтын» компаниясын толығымен 8,72 миллиард теңгеге сату туралы шешім шықты. Одан бір ай өткеннен кейін, сәуірде «AAEngineering Group» компаниясы 21,2 миллиард теңгеге сатылды. Аудит бағалауы бойынша, бұл компаниялардың баланстан кетуінен «Алтыналмас» шамамен 52 миллиард теңге шығын көрген.

Алайда бұл активтерді сырттан бөтен инвестор келіп, сатып алған жоқ. Олар алтын кәсіпорнының 66,39 пайыз үлесін ұстап отырған негізгі акционері «Gouden Reserves B.V.» нидерландтық оффшорына өтті. Владимир Ким мен Эдуард Огай өздерін еш уақытта «Алтыналмас» акционерлері ретінде көрсетпейді. Бенефициар ретінде ылғи Gouden Reserves B.V. жазылады. Ал оның артында «Family Trust» оффшорлық фирмасы тұр.

Алтын
Фото: Nege.kz

Номиналды түрде «Family Trust» Ресей және Нидерланды азаматы Анна Березинаның атына жазылған. Ал Анна Березинаның анасы Елена Якубовская саналы ғұмырын Ким мен Огайдың компанияларында басшылық қызметте өткізгенін білеміз. Сонымен қатар, бұған дейін «Алтыналмас» пен «Қазақмыс» арасында тығыз қаржылық байланыс орнаған еді. Мысалы, 2024 жылы «Алтыналмас» «Қазақмысқа» 68,3 миллион доллар тікелей қарыз берген.

Демек, Владимир Ким Қазақстанда өзіне тиесілі екі ірі бизнес – «Қазақмыс» пен«Алтыналмасты» сатты. Бірақ толық сатпай, екі жағдайда да сол компания құрамындағы өзіне қажет активтерді бөлек шығарып алды. 2025 жылдың қарашасында Владимир Ким «Қазақмыс» тобының активтерінің бір бөлігін өзінде сақтап, оларды жаңа «Qaz Copper Group» холдингінің құрамына жинақтады. Ал қалған активтер «Қазақмыс» ЖШС еншісінде қалып, «Qazaq Stroy» тобының иесі Нұрлан Артықбаевқа сатылған еді.

Ким
Фото: Nege.kz

«Алтыналмас» жағдайында Владимир Ким және басқа да акционерлер тарапы 2024-2025 жылғы таза кірістен 119,2 миллиард теңге дивиденд аударып алды. Одан кейін қосымша 54 миллиард теңге дивиденд төлеу бойынша шешім шығарды. Сонда дивиденд ретінде төленген 254 миллиард теңге компанияның 2025 жылғы таза пайдасының 75 пайызын құрады. Былтыр келген таза кіріс көлемі 340 миллиард теңгеге жетті.

Оның барлығы «АК Алтыналмас» АҚ 2025 жылғы аудиттелген есептілігінде тіркелген. Ал соңғы акционерлер жиналысында 2025 жылғы кірістен енді дивиденд төленбейтіні туралы шешім шықты. Әрине, қожайындар кірістің басым бөлігін дивиденд ретінде алып үлгерді ғой.

Сонымен, Владимир Ким Шахмұрат Мүтәліпке не қалдырды? «Алтыналмас» активтері биылғы жылдың басында триллион теңгеден асып тұрды. Компанияның жұмыс істеп тұрған кеніштері көп. Доре құймасын Ұлттық Банк тұрақты түрде сатып алады.

Алтын нарығындағы ахуал қолайлы болса,«Алтыналмас» ұзақ жылдар бойы өзінің жаңа қожайындарына пайда әкеле бермек.

Қазір оқып жатыр

ШҚО тұрғындарын өзен суының түсі алаңдатып отыр

өзен

Hyundai, Kia және Geely сатылымы құлдырады: қытайлық көліктерге сұраныс артты

Changan

Алматы әкімдігі «Family Park-тің орнына тұрғын үй кешені салынады» деген сыбысқа жауап берді

Family Park

ІІМ шетелдік нөмірмен жүрген көліктерге қатысты проблемалар бар екенін мойындады

шетелдік нөмір