Мәулен Әшімбаев Сенаттың өткен сессиядағы жұмысын қорытындылады
Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев Палатаның өткен сессиядағы жұмысын қорытындылады. Мәулен Әшімбаевтың айтуынша, өткен сессияда Парламент ел игілігіне қызмет ететін бірқатар маңызды заңдар қабылдады.
Алматы, NEGE. «Бұл кезең еліміз үшін оңай болған жоқ. Бүкіл әлеммен бірге біз де жаңа сын-қатерлермен бетпе-бет келдік. Осындай сәтте Президентіміздің басшылығымен ел экономикасын қалпына келтіруге, халықтың әл-ауқатын түзетуге бағытталған кешенді шаралар жүзеге асырылуда. Сол бастамаларды және еліміздің стратегиялық саясатын заңнамалық тұрғыдан қамтамасыз етуге Қазақстан Республикасының Сенаты да өзінің сомды үлесін қосты», – деп атап өтті Сенат төрағасы. М. Әшімбаев Мемлекет басшысы алға қойған міндеттерді іске асырудағы нәтижелі жұмысы үшін депутаттарға алғысын білдірді. Сенат баспасөз қызметінің мәліметінше, Сенаттың жалпы отырысында ҚР Президентінің ұсынымы бойынша Н.М.Рахметуллина мен А.С.Төкиев Жоғарғы Соттың судьясы қызметіне сайланды. Жаңадан сайланған судьялар ант берді. Одан бөлек, Палата «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» ҚР Кодексіне (Салық кодексі) және «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» Кодексін (Салық кодексі) қолданысқа енгізу туралы» Заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңды қабылдады.
Бұл заң бұдан былай экономикалық өсуді қалпына келтіруге ықпал ететін болады. Түзетулер мемлекеттің кәсіпкерлік субъектілеріне және халыққа қолдау көрсетуіне мүмкіндік береді, бұл азаматтардың іскерлік белсенділігі мен әл-ауқатына оң әсер етеді. Сенат депутаттары «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне шетел валютасындағы ипотекалық қарыздар, көрсетілетін төлем қызметтері нарығының субъектілерін реттеуді жетілдіру, жалпыға бірдей декларациялау және экономикалық өсуді қалпына келтіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңды да қабылдады. Өзгерістер 2016 жылғы 1 қаңтарға дейін берілген шетел валютасындағы ипотекалық қарыздарды конвертациялау жұмыстарын аяқтауға мүмкіндік береді. Сондай-ақ, бұл құжат ақшаны жылыстату қаупін азайту, көлеңкелі экономикаға қарсы іс-қимыл мақсатында төлем жүйелерімен қоса банктік емес ұйымдардың қызметіне қатысты мәселелерді тиімді реттейді. Сессияның қорытынды отырысында сенаторлар «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне аудиторлық қызмет мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңды да қабылдады. Заң халықаралық тәжірибелерді ескере отырып осы саладағы заңнаманы одан әрі жетілдіру, сапаны бақылау және аудиторларға аттестаттау жүргізу жөніндегі ашық талаптарды белгілеу арқылы сапаны арттыру мақсатында әзірленген болатын. Сенатта «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мемлекеттік қызмет мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заң да бекітілді.