Референдум Референдум
19 Ақпан 14:01
...

Мәулен Әшімбаев вице-президент болуы мүмкін бе?

Мәулен Әшімбаев
Фото: gov.kz

Қоғамда вице-президенттікке үміткерлер қатарында Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаевтың да есімі аталып жүр.

Референдум

Астана, NEGE. БАҚ өкілдері Сенат кулуарында Мәулен Әшімбаевтың өзінен жаңа Конституция қабылданған жағдайда, вице-президент атануы мүмкін бе екенін сұрады.

Әшімбаев бұл сұрақ Президенттің құзырындағы мәселе екенін айтып жауап берді.

«Менің ойымша, бұл әңгімелердің барлығы қоғамдық дискурсты басқа бағытқа бұрады. Бұл әңгіменің ешқандай негізі жоқ. Егер Қазақстан халқы Конституцияның жаңа жобасын қолдаса, барлық кадрлық мәселе Референдумнан кейін, елдің жаңа Конституциясына сәйкес шешілетін болады.

Елімізде президенттің құзыретіне жататын бірқатар мәселе бар. Оның ішінде жаңа Конституция қабылданғаннан кейін түрлі лауазымды тұлғаларды тағайындау, белгілі бір кандидатураларды Құрылтай қарауына ұсыну және тағы басқалары бар. Сондықтан бұл мәселелердің барлығы – мемлекет басшысының құзырындағы сұрақтар. Қандай да бір пікір білдіруді өзім үшін орынсыз әрі артық деп санаймын», – деді Әшімбаев.

Сондай-ақ ол Сенат өкілеттігі тоқтағаннан кейін де «кез келген салада» ел игілігі үшін қызмет ететінін атап өтті.

Айта кетейік, Ұлттық құрылтайдың V отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанда вице-президент лауазымын бекітуді ұсынған еді. Президенттің бұл ұсынысы қолдау тауып, Конституцияның жаңа жобасында вице-президент міндеттері айқындалды.

Референдум