Мәулен Әшімбаев Тоқаевтың реформалары туралы кітап жазып, таныстырды
Бұрынғы Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев Шымкент жұртына «Реформалар мәні. Қазақстанның болашақ тарихының жеті тарауы» атты кітабын таныстырды. Кітап, автордың айтуынша, елдегі саяси өзгерістер мен конституциялық реформаға арналған.
Астана, NEGE. Бұл жөнінде бұрынғы Сенат спикері әлеуметтік желідегі парақшасында жазды. Шымкентте кітапта айтылған өзекті ойлар ғалымдармен, зиялы қауым өкілдерімен, сарапшылармен және қоғам белсенділерімен жан-жақты талқыланған.
«Кітап жазудағы басты мақсатымыз Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың бастамасымен жүзеге асырылып жатқан ауқымды өзгерістердің және конституциялық реформаның негізгі мәнін жұртшылыққа дәріптеу екенін атап өткен жөн», – дейді Мәулен Әшімбаев.
Сондай-ақ Әшімбаев сапар барысында өңір жастарымен және Бочча федерациясының жергілікті филиалына барып, спортшылармен, жаттықтырушылармен кездескенін, «бұл іс-шаралар Президент реформаларының мәнін ел-жұртқа түсіндіру жұмысына өз үлесін қосады деп есептейтінін» жеткізді.
Айта кетейік, Мәулен Әшімбаев екі палаталы Парламент таратылғанға дейін ол Сенатты басқарып тұрғанда, ресми саяси иерархияда Президенттен кейінгі екінші тұлға саналды. Сенат таратылғаннан кейін саяси ортада вице-президент не Құрылтай төрағасы сынды жоғары лауазымдардың бірі Мәулен Әшімбаевқа берілуі мүмкін деген болжамдар да айтылды. Алайда ол вице-президент те, Құрылтай немесе Халық Кеңесінің төрағасы да болған жоқ.
Саясаттанушы Шыңғыс Ергөбек NEGE-ге «креслосыз» қалған Әшімбаев жайында пікірін білдіріп, жоғары лауазымдардың біріне тағайындалмауын оның саяси салмағының әлсірегені деп қабылдауға асықпау керек екенін айтты.
Таяуда Әшімбаевтың Заид атындағы халықаралық адамзат бауырластығы сыйлығының қазылар алқасының құрамына енгені белгілі болды.