29 Қаңтар 16:42
...

Матч кезінде жарақат алған футболшы еміне ақша ала алмай жүр

Хамза Мұхаметәли
Фото: жеке мұрағатынан

Қазақстанның жастар құрамасында ойнаған футболшы Хамза Мұхаметәли алматылық «Хан-Тәңірі» футбол клубы келісімшарттық міндеттемелерін орындамады деп айтып, әлеуметтік желіде үндеу жариялады.

Алматы, NEGE. Редакция аталмыш жағдайдың жай-жапсарын футболшы Хамза Мұхаметәлидің өзінен сұрап білді.

«Мен Қазақстанның U17, U19 және U21 жастар құрамаларында өнер көрсетіп, кәсіби футболдағы мансабымды құрып келе жатқан едім. «Хан-Тәңірі» клубымен келісімшартқа қол қойдым. Келісімшарт жасалғаннан кейін ресми матчта алған ауыр жарақат бәрін бір сәтте өзгертті. Менің тізе буынымдағы алдыңғы айқас байлам үзіліп, тізенің артқы бұлшықеттері зақымданды. Дәрігерлер ота жасау қажет екенін айтты», – дейді Хамза.

Келісімшартқа сәйкес, клуб операция мен оңалту шығындарын толық өтеуге міндетті болған. 

«Біз мынадай келісімге келдік: мен өзім несие алып, отаның ақысын төлеймін, ал клуб ай сайын 100 000 теңгеден аударып, шығындарды өтейді. Бірінші айда төлем жасалды, одан кейін үнсіз қалды. Клуб мұны қаржылық кідірістермен түсіндірді. Алайда кәсіби клуб үшін мұндай соманы төлеу қиын болмауы тиіс деп есептеймін», – дейді футболшы.

Футболшыға бұл ұсынысты клубтың атқарушы директор Тимур Молдағалиев айтқан.

«Тимур Қанатұлы оңалтудан клубта өтуімді ұсынды. Мен клубта лицензиясы бар реабилитолог-дәрігер жоқ екенін айттым, бірақ ол бұл мәселеге жауап берген жоқ. Қазір мен келісімшарт бойынша төленуі тиіс ота ақысы мен оңалтуға кететін ақшамды қайтарып алғым келеді. Мен тоқтап қалмай, қайта алаңға оралуды армандаймын. Сонымен қатар клуб маған екі айлық жалақымды төлемеді», – дейді Хамза Мұхаметәли.

Спортшының айтуынша, қазір ол толыққанды оңалтудан өте алмай жүр.

Хамза Мұхаметәли
Фото: жеке мұрағатынан

«Қазір күнкөріс үшін қонақүйде жұмыс істеймін. Аптасына 5 күн 9 сағат бойы тік тұрып жұмыс істеуге мәжбүрмін, бұл отадан кейінгі тіземе өте зиян. Жұмыс соңында тізем қатты ауырады. Дәрігерлер дұрыс оңалтудан өтсем, алты айдың ішінде толық қалыпқа келе алатынымды айтты. Алайда ол үшін күн сайын реабилитация қажет. Қазақстандағы толық әрі сапалы оңалтудың құны шамамен 3 млн теңге», – дейді ол.

Футболшы өзінің артық талап қойып отырмағанын, тек өзіне тиесілі қаражатты төлеуін сұрайтынын атап өтті.

«Мен сотқа жүгінген жоқпын. Егер кәсіби клуб өз ойыншысына уәде еткен қаражатты төлей алмаса, бұл мәселе ашық айтылуы тиіс деп санаймын. Мен ешқандай артық талап қоймаймын, тек келісімшартта көрсетілген, өз еңбегіммен тапқан ақшамды ғана сұраймын», – деді Хамза Мұхаметәли.

NEGE тілшісі «Хан-Тәңірі» футбол клубының атқарушы директоры Тимур Молдағалиевке да хабарласып, оқиғаға қатысты пікірін тыңдады.

«Біздің оған төлем жасағанымызды растайтын түбіртектер қолымызда тұр. Команданың өз дәрігері бар. Хамза сол дәрігерге келіп жүрген. Ол өзіміздің баламыз», – дейді Тимур Молдағалиев.

Оның айтуынша, Хамза Мұхаметәли жарақат алып қалған кезде, олар ай сайын 100 мың теңге жіберіп тұруға келіскен.

«Хамза жарақат алғаннан кейін мен оған: «Хамза сен ота жасат, әр ай мен саған 100 мыңнан беремін», – деп айттым. Екеуміз келістік. Ол қазанда ота жасатты. Біз қараша, желтоқсан, қаңтар айларына 300 мың теңге төледік. Менде төлемнің түбіртектері бар. Енді келесі төлемді ақпанда жібереміз. Өз тарапымыздан біз өз міндеттемелерімізді орындадық және отаға арналған қаражатты ай сайын аударып отырдық. Қаңтарда аздап кідіріс болғаны рас. Оның не себепті былай жазып жатқанын түсінбедім. Хабарлассам, тұтқасын көтермейді», – дейді ол.

Тимур Молдағалиевтің айтуынша, Хамза Мұхаметәли ота жасатқанын растайтын құжаттар мен төлем жасаған түбіртектерін көрсетпеген. Сонымен қатар жалақы мәселесіне қатысты: «Ол келіп, құжаттарға қол қоюы тиіс, содан кейін қалған 170 мың теңге жалақысын береміз», – деді.