21 Наурыз 19:57
...

Маска-шоу: Өмір мен өлімнің арасы – алақандай мата

Фото:

Әдетте елеусіз ғана тұратын, ары кетсе қалтаңыздан 5-10 теңге ғана қағатын медициналық маскаға бәріміз зәру болып қалдық.

Індет Қытайдан шығыпты дегенді естіген жұрт жаппай маска сатып ала бастаған. Кімнің сатқаны, кімнің сатып алғаны белгісіз. Әйтеуір, соңғы 1-2 айдың ішінде маска тапшы. 

Nege.kz тілшісі жағдайды бақылау мақсатында Алматы қаласындағы дәріханалардың бірқатарын зерттеп көрді. 

Жақында "медициналық бетперделермен қамту Үкіметтің тұрақты бақылауында" деген болатын Ералы Тоғжанов. Елімізде күніне 360 мың медициналық маска шығарылып жатыр. Алдағы күндері оның көлемін 1 миллионға дейін жеткіземіз деп уәде еткен болатын. 

 

“Қазір қаладағы дәріханаларда дәрі-дәрмекке қатысты тапшылық жоқ. Дәрі қоры жеткілікті. Қала ішіндегі логистикасы жақсы жолға қойылған 47 дәріхана таңдалып алынып, күн сайын 80 мың дана маска таратылып отыр. Бір кезекті үш қабатты маска 87 теңге тұратын болса, ал көмір фильтрі бар маскалар 111 теңгеден сатылып отыр. Бұл баға қатаң бақылауға алынған. Егер бұдан қымбатқа сатылатын болса, тиісті шаралар қолданатын боламыз, – деген еді Алматы қаласы әкімнің орынбасары С.Құрақбайұлы. 

Сонымен қатар, қазір қаладағы дәріханаларға күніне 80 мың дана маска таратылады. Демек, 80 мың дана тарату үшін орта есеппен 8 миллион теңгедей қаражат жұмсалады.

 

Зерттеу барысында байқағанымыздай, дәріханаларға келген маскалар 1 сағатқа жетпей өтіп кетуде. Межеге сай, әрбір адамға тек 5 дана маскадан сатылып жатыр. Бақылауға алынған бағаға әкімшілік белгілеген теңгеден артық тиын қосылып жатқан жоқ. Бірақ бұл тек әкімшілік маскамен қамтамасыз етеміз деген дәріханалардағы ахуал ғана. Басқа дәріханалардағы масканың құны 150 теңгеден жоғары.

 

Маскалар Алматының барлық 8 ауданына мегаполистің 48 ірі дәріханаларына күн сайын жеткізілетіні айтылған. Тіпті бағасын асырып сатқандардың жазаланатынын ескертіп, сондай жағдайға тап болғандарға арнайы сенім телефондарын да іске қосқан еді.

 

Сонымен, не байқадық? Не көрдік? Маска НЕГЕ тапшы? 

 

Достық 89Г мекен жайында орналасқан мына дәріханада маска бұған дейін 150 теңгеге сатылып келіпті.

 

 

"Маска жоқ. Болған, бірақ енді қашан келетінін білмейміз. Бағасына келетін болсақ, осыған дейін 150 теңгеге сатып келдік. Енді қанша болатынын нақты айта алмаймын”, деп жауап берді дәріханашы.

 

Әкімдік тарапынан маска жеткізілетін дәріханалардың бірі Түріксіб ауданындағы Щемякина 121 мекенжайында орналасқан  “Гаухар Тас Фарм” дәріханасында маска жоқ болып шықты. 

 

“Кеше келген, бірден өтіп кетті. Бүгін нақты қай уақытта болатынын әзірге айта алмаймыз. Бағасы 85 теңгеден”, - деп қысқа қайырды.

 

Шығып бара жатқанымызда жеткізуші қорап-қорап жүк кіргізді. Қораптың сыртында “перчатки” деген жазуды көзіміз шалып қалды. Қайтадан сатушыға барып, “медициналық қолғап бересіз бе?”, деп сұрағанымызда “жоқ әлі келген жоқ”, - деді. Қораппен алып келгенін көргенімізді айтқанда, “әзірге сатылымға шығармаймыз, алдымен реттеуіміз керек” деген уәж айтты.

Ал Арбатта орналасқан “Садыхан” әлеуметтік дәріханасындағы дәріханашы: “Маска жоқ, қашан келетінін білмейміз. Бағасы да белгісіз”, - деген жауап қайтарды. Айта кетейік, бұл дәріхана да арнайы бетперделер жөнелтілетін дәріханалардың тізімінде.

 

Сонымен біз аралаған дәріханалардың біреуінде де маска болмай шықты. Барлығының жауаптары белгілі.

 

Алматы қаласындағы ең ірі дәріханалардың бірі саналатын Гоголь-Назарбаев көшелерінің қиылысында орналасқан дәріханаға да жеттік. Екі күннен бері адамға лық толы дәріханада бүгін адам қарасы азайыпты. Бұл жерде де маска жоқ болып шықты. Алайда дәл біздің кезегіміз жеткенде, “маска келді” деген дәріханашының қуанышты дауысы естілді. 

 

Қолымызға 5 дана масканы санап тұрып берді. Бағасы сол межелеген мөлшерден аспаған. Есесіне, антисептиктің бағасы қымбат болып шықты. Бір данасын 1500 теңгеге сатып алдық. 

“Бұл қымбат түрі. Арзаны қалмады. Егер арзаны керек болса, келесі есіктерден сұрап көріңіз”, - деп жауап берді дәріханашы.

 

 

“Садыхан” әлеуметтік дәріханасының қалада орналасқан бірнеше нүктесіне кіріп шықтық. Тек “Көк базар” маңында орналасқан дәріхана да ғана маска табылды. Оның өзін кезекте тұрған халық талап алып жатыр.

 

Ал сол базардың маңындағы дәріханаларда көптен бері маска жоқ. Дәріханашылар бетперденің бағасы да қанша боларын білмейді. Келгеніне байланысты бағаны да белгілейміз деп отыр.

 

Маска сатып алуға келген адамдарды сөзге тартып едік, олар да қанша күннен бері маска іздеп таба алмай жатқандарын айтты.

 

“Кешелі бері үйдің маңайын шарлап шықтым, біреуінде де маска жоқ. Келеді дейді, қашан келетіндерін өздері де нақты білмейді. Таппасам, қолдан тігіп киемін. Басқа амал жоқ қой енді”, деп жауап қайтарды қала тұрғыны.

 

Енді бірі дәріханадан таппаған бетперделерді үй маңындағы “хозяйюшкадан” алғанын жеткізді.

“Жақсы болды мына жерде бар екен. Бағасы 85 теңгеден. Осылар баяғыда 20 теңге еді ғой. Қайтеміз енді, аламыз. Алдыңғы күні маска таппай, “хозяюшкадан” 200 теңгеден 1000 теңгеге 5 маска сатып алдым. Сұмдық-ай, бағасы 10 есе қымбат”, деді қала тұрғыны.

Қымбатқа сатқан жағдайға куә болсаңыз, хабарласыңыз деген телефон нөмірлеріне біз де хабарласып көрдік.

"Бізге масканың бағасын негізсіз көтерді деген шағыммен хабарласып жатқандар өте көп. Тиісті шараларды қолданып жатырмыз. Масканың бағасын көтеру фактілері бойынша департамент тарапы тергеу жұмыстарын жүргізуде. Барлығын бақылауда ұстаймыз", деп жауап берді сенім телефонында отырған операторлар.

 

Қызық, бірақ карантин енгізілгеннен кейінгі қала өмірін бақылап қарасақ, медициналық маскасыз бейқам жүрген жұртты көбірек кезіктіреміз. Сонда күн сайын дәріханаларға бөлінетін 80 мың масканы кім сатып алып жатыр? Бәлкім, сандыққа сақтап қойған болар...

Тегтер: