27 Қыркүйек 16:12
...

«Машкевичтің дәрігер досы». Солоп тілшімен кездесуден НЕГЕ қашты?

Фото:

Бұған дейін порталымызда Қазақстан үкіметінің 40% үлесі бар Eurasian Resources Group пен миллиардерлер Александр Машкевич, Патох Шодиев және бақилық болған Алиджан Ибрагимовтың мұрагерлері тағы да дауға шатылғанын жазған болатынбыз. 

Осылайша әйгілі еуразиялық үштік «Гватемала президенті Алехандро Жамматтейдің резиденциясына кілемге ақша орап апарды, оған пара берді» деген дауға қалған. 

Бұл шатақ іске байланысты біраз адамның есімдері аталды. Солардың ішінде Қазақстан азаматы, алматылық қарапайым фельдшер Александр Солоптың да аты-жөні айтылды. «Жүрген жеріне шөп шықпайтын» миллиардер Александр Машкевич пен алматылық қарапайым фельдшерді не байланыстырады? 

Телеграм-канал Александр Солоп туралы біраз мәліметті келтірген. Оның даулы командадағы орнын анықтауға Одноклассник желісіндегі аккаунты көмектесіпті. Солоп саяхаттағанды жақсы көреді екен, мұны әлеуметтік желідегі парақшасынан анық байқауға болады.

Қарапайым алматылық дәрігердің №4 жедел жәрдем стансасында жұмыс істейтіні айтылған. Әлемнің біраз елін аралаған фельдшердің айлығы мұндай қымбат демалыстарға қалай жетіп жүр?

Осы мәселенің ақ-қарасын ажыратып, халықаралық дауға байланысты қарапайым фельдшердің аты-жөні неге аталғанын білмекке Nege.kz тілшісі №4 жедел жәрдем стансасына арнайы барды. 

Тілшіміз аты аталған Александр Солоптың шынымен де №4 жедел жәрдем стансасында жұмыс істейтінін анықтады. Мекеменің басшысы Солоптың фельдшер емес, дәрігер екенін айтты. Оның қазіргі уақытта еңбек демалысына шығып кеткенін, кейінірек өзіне жолыға алатынымызды ескертті. Біздің оны не себепті іздеп жүргенімізді естіген басшылық мақаланы оқып, таң қалды. Ол мұндай ақпаратты бұрын-соңды естімеген екен.

Тілшіміз Александр Солоппен телефон арқылы тілдесті. Өйткені Солоп тілшімен бетпе-бет кездесуден үзілді-кесілді бас тартты. 

«Мақалада жазылғанның барлығы бос сөз. Мен ештеңе білмеймін. Жедел-жәрдем қызметінде жұмыс істеймін бар болғаны осы», – деп жауап берді Александр Солоп. 

Тілші оның Машкевичпен қандай байланысы бар екенін білмек болған. Алайда ол: «Ешқандай сұхбат бермеймін. Менің оған не қатысым бар», – деп ат-тонын ала қашты. 

Алматылық дәрігер шетелге жиі шығатынын мойындады. Бірақ «Қарапайым дәрігердің айлығы қымбат демалыстарға қалай жетеді?», – деген тілші сұрағы жауапсыз қалды.

Миллиардермен дос болу қылмыс саналмайды. Алайда ол миллиардердің көлеңкелі істері көп болса, өзге елдің президентіне «кілемге орап пара берсе». ол достықтың өңі өзгеріп сала бермек. Бұл істі түйіні шешілмеген жұмбақ көп. Алматылық дәрігердің сұхбат беруден бас тартақанында да бір гәп бар сияқты... 

Тегтер: