14 Қаңтар 16:11
...

Машкевич экс-президентке қанша пара берген?

Фото:

ENRC (Eurasian Natural Resources Corporation) корпорациясы қожайындарының бірі Александр Машкевич Англияда тағы күдікке ілінді. Bloomberg агенттігінің хабарлауынша, бұл жолы миллиардер «Конгоның экс-президентімен бірге алаяқтық жасаған» деп айыпталып отыр.

«Ұлыбританияның алаяқтықпен күресетін арнайы прокурорлары израильдік миллиардер Александр Машкевичті Конго Демократиялық Республикасының экс-президенті Жозеф Кабиламен бірлесіп, алаяқтық жасауға әрекеттенді деп айыптады. Агенттік адвокатының сөзіне қарағанда, бұл іс аса ірі көлемде пара беруге байланысты Лондонда өтіп жатқан сот тыңдауында әшкере болған» деп жазды агенттік.

Бұл іске А.Машкевичтің қызы Анна Машкевичтің де қатысы бар болып шықты. Миллиардердің 37 жастағы қызы әкесіне байланысты кейбір құжаттарды сотқа әдейі өткізбей отырған көрінеді.

SFO адвокаты Джонатан Холлдың айтуынша, бұл – Машкевич пен оның екі серіктесі – Патох Шодиев пен Алиджан Ибрагимовтың ENRS корпорациясының Конгодағы пайдалы қазбаларды иелену келісімшарты бойынша SFO жеті жылдан бері тергеп-тексеріп келе жатқан істің бір тармағы. Сол тұста Машкевич «Президентпен» және «Катумбамен» хат жазысқан. Катумба Мванке – президент Жозеф Кабиланың кеңесшісі, ал «Президент» дегені – Кабиланың өзі болса керек. Алайда Катумба 2012 жылы ұшақ апатынан қаза тапқан...

Анна Машкевичтің адвокаты Колин Нотт «агенттік Катумбаға байланысты ешқандай дәлел келтіре алмады» дейді.

Өткен жылдың қараша айында SFO Александр Машкевичтің 10 жыл бұрынғы қойын дәптерін сұратқан. Ол дәптері қызы Аннаның қолында болған. Агенттіктің пайымдауынша, Анна әкесіне дәл осы іс бойынша көмектескен. Бірақ Анна қойын дәптерді агенттікке беруге асығар емес.

Оқи отырыңыздар: Машкевичтің қызы сотқа тартылуда

 

Қазақстан мен Конгода пайдалы қазбалар кеніштерін иеленіп алған ENRS-тің Лондон биржасында түкірігі жерге түспейтін. Алайда «Еуразиялық үштік» алаяқтық жасауы мүмкін деген күдікке ілінген соң компания акцияларының құны төмендеген. Машкевич пен оның серіктестері сонда да тыныш жатпапты. Пайдалы қазбадан түскен қаржыны аудару операцияларын басқа компанияларға ауыстырып, баяғы лас тірлігіне басқан.

Адвокат Джонатан Холл: «Машкевич осы іске қатысты күдікті ретінде тергеледі. Заң бұзушылық 2010-2012 жылдары жасалғанымен, агенттік оның 2008 жылғы жазбаларын сұратып отыр. Өйткені күдіктілердің арасында байланыс бұрыннан болуы мүмкін» дейді.

Александр Машкевичті біздің жұрт жақсы біледі. Кезінде Қазақстан билігін қалай батпаққа батырып кеткенінен де хабардар. Бұл туралы талай мәрте айтылды, жазылды. Оны қайталап жатпайық. Ал енді Жозеф Кабила деген кім?

Кабила 2001 жылдан 2019 жылға дейін Конго Демократиялық Республикасының президенті болған. Әулеттегі он баланың үлкені. Әкесі өлген соң орнына президент болып сайлануы да сол үлкендігінен болса керек.

Кабила билік құрған кезеңде Конгодағы кен орындарының көпшілігі оның отбасы мүшелерінің атына тікелей немесе жанама түрде жазылып, жекешеленіп кетті. Бұл – Кабиланың екі мерзімге қатарынан президент болып сайланған 2006-2016 жылдар аралығында болған.

Ақшаның иісін айлық жерден сезетін әккі Машкевич, міне, дәл осы кезде сап ете қалған ғой...   

Тегтер: