Машкеевичтің қызы сотқа тартылуда
Financial Times басылымы ENRC корпорациясының негізін қалаушылардың бірі – олигарх Александр Машкеевичтің қызы Анна Машкеевичке тағылған айып бойынша аса ірі көлемдегі қаржылық-алаяқтық істерге қарсы күрес жүргізетін британдық (SFO) тергеу бөлімі оның шағымын қанағаттандырмай тастағанын хабарлады («Дочь Машкевича не смогла обжаловать предъявленное обвинение», Время газеті).
Осы жылдың маусым айында SFO тергеу бөлімі лондондық ALM Services UK компаниясының директоры Анна Машкеевичті 6 жыл бойы жүргізіліп жатқан қаржылық-алаяқтық іске байланысты ENRC корпорациясына тиесілі кейбір құжаттарды тапсырмағаны үшін айыптаған еді. Өзіне тағылған бұл айыпты «қорғаушыларымның кеңесіне құлақ асуыма орай» деп түсіндірмек болған өтінішін Британияның Жоғарғы соты қаперге алмай, қанағаттандырусыз қалдырды.
SFO тергеу бөлімінің мәлімдеуінше, Анна Машкеевич тергеу ісін жеңілдетуі үшін ENRC корпорациясына қатысты 2008 жылдан бүгінгі күнге дейінгі құжаттарды SFO тергеу бөліміне тапсыруы тиіс екенін ескертетін сот қағазы оған өткен жылдың қарашасында табысталған.
Анна Машкеевич өткен жазда өзіне тағылып отырған айыпты мойындамайтынын, оның қылмыстық әрекетіне қатысты британдық сот қарастырып отырған 6 айлық бас бостандығынан айыру немесе айыппұл төлету үкіміне қарсы екенін айтып, сот ісін қайта қарауға өтініш берген. Оның қорғаушысы Джеймс Льюис 27 қараша күнгі отырыста бұл істің «менің қорғауымдағы адамның әкесіне қатысты жасалып отырған әрекет болуы мүмкін» деген болжамын жеткізгенімен, судья Сапперстоун SFO тергеу бөлімінің қарастырып отырған айыбын заңды әрі орынды екенін баса айтып, олардың өтініші қанағаттандырусыз қалатынын ескертті.
Анна Машкеевич – ENRC корпорациясының Қазақстан мен Африка елдерінде алған активтеріне байланысты британдық SFO тергеу бөлімі аса ірі көлемде қаржылық қылмыс жасады деп айыптап отырған жалғыз күдікті. Оған қатысты сот отырысы 2020 жылы болады. ENRC корпорациясы өздерінің тарапынан заңбұзушылықтың болмағанын айтып, наурыз айында SFO тергеу бөлімін азаматтық-қылмыстық іс тұрғысында өз өкілеттілігін асыра пайдаланды деп 70 млн фунт стерлинг талап етіп, сотқа жүгінді.
Еске сала кетсек, аса ірі көлемдегі қаржылық-алаяқтық істерге қарсы күрес жүргізетін британдық SFO тергеу бөлімі 2013 жылы ENRC корпорациясы Қазақстан мен Африка елдерінде қазба орындарын алу кезінде алаяқтыққа барып, пара берді және сыбайлас-жемқорлық істерімен айналысты деп айыптаған. Осы қылмыстық іске орай компания Dechert заңгерлік фирмасының қызметіне жүгініп, ішкі тексеріс жұмыстарын жүргізеді. Dechert-тің заңгерлері ENRC компаниясының 35 млн АҚШ долларын заңсыз иемденгенін және қылмысты жасыру үшін құжаттардың көзін жойғанын анықтап, бірқатар сыбайлас-жемқорлық ісінің дерегін тапты. Осы іс бойынша үлкен дау туып, London Stock Exchange (LSE) биржасы ENRC корпорациясын Еуропадағы ең үлкен құнды қағаздар нарығынан кетуге мәжбүрледі.
Кейінірек, Eurasian Resources Group (ERG) ENRC корпорациясын сатып алып, оны Қазақстандағы өз активтерін ғана бақылайтын «Евразийская Группа» ЖШС-нің қарауына берді. Қазір ERG-ге Қазақстандағы феррохром, алюминий, темір кенорындары мен Африкадағы мыс және кобальт өндірісі, сондай-ақ, Бразилиядағы темір кенорындары тиесілі.
ҚазТАГ агенттігінің мәліметінше, Eurasian Resources Group (ERG) табиғи ресурстарды зерттейтін және өндіретін көпсалалы белсенді компания ретінде Люксембургте тіркелген. Әлемдегі темір рудасы мен саздауытты жерлерді зерттейтін және өндіретін ең ірі өндірушілердің бірі. Компания сайтындағы ақпаратқа сенсек, ERG Қазақстандағы металлургиялық тау-кен өндірісінің үштен бірі солардың үлесінде. Сондай-ақ, Қазақстанды негізгі электр қуатымен қамтамасыз етіп отырған да осы компания. Ашық ақпарат көздерінде ERG-дің 40 % акциясы ҚР Қаржы министрлігінің мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитетіне тиесілі, әрқайсысы 20,7 % акциялар Александр Машкеевич пен Алиджан Ибрагимовке, 18,6 % Патох Шодиевке тиесілі екені көрсетілген.