«Мәселе сапасыз жоспарлауда емес»: Жұманғарин бюджетке қатысты сынға жауап берді
Сенат депутаты Амангелді Нұғманов қайталанып отырған қаржылық заңбұзушылықтар мен бюджет кірістерін тым жоғары болжағаны үшін Үкіметті сынға алды. Сенатордың сынына премьер-министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин жауап берді.
Астана, NEGE. Сенатордың Аудиторлық палатаның қорытындысына сүйеніп мәлімдеуінше, республикалық бюджеттің кіріс бөлігінің орындалмауы 300 млрд теңгеден асқан. Сондай-ақ ол 2025 жылы тиімсіз пайдаланылған бюджет қаражатының көлемі шамамен 650 млрд теңгеге жеткенін атап өтті. Үкімет бір жыл ішінде 2,5 трлн теңге қаражатты қайта бөлуге мәжбүр болып, осының салдарынан жүзге жуық инвестициялық жобаны қаржыландырудан алып тастаған.
«Қаржылық заңбұзушылықтардың басым бөлігі соңғы үш жыл бойы жүйелі түрде қайталанып келеді. Алдағы уақытта Үкімет тарапынан бюджеттік заңбұзушылықтардың алдын алу бойынша қандай шаралар қабылданбақшы? Неге Үкімет жылдан-жылға бюджетке нақты кіріс көздерімен қамтамасыз етілмеген шығыстарды жоспарлайды?», – деп сұрады Нұғманов.
Серік Жұманғарин мәселенің түп-төркіні сапасыз жоспарлауда емес, жобаларды іске асыру барысында болып отырғанын алға тартты. Ол 2025 жылы құны 75 млрд теңге болатын 99 жоба қаржыландыру тізімінен алынып тасталғанын растады. Жалпы құны 47,7 млрд теңге болатын 55 жоба өзге қаржы көздерінен – Арнаулы мемлекеттік қордан, жергілікті бюджеттерден және гранттар есебінен қаржыландырылған.
Мысал ретінде Жұманғарин құны 29 млрд теңге болатын Риддер қаласындағы көпсалалы аурухананың құрылысын атады.
«Себебі ол Арнаулы мемлекеттік қор қаражатынан қаржыландырылды. Осылайша бюджетке түсетін жүктемені азайттық. Босаған қаражат басқа жобаларға жұмсалды», – деді Серік Жұманғарин.
Вице-премьердің айтуынша, басқа жобалар бойынша техникалық құжаттамалар өзгерген немесе сот процестері әлі де жалғасып жатыр. Мұндай нысандарға қаражатты сақтап қою бюджет қаржысының пайдаланылмай, «тоқтап қалуына» әкелуі мүмкін еді.
Сондай-ақ Жұманғарин жаңа Бюджет кодексі қабылданғаннан кейін инвестициялық жобаларды 5 жылға бекіту жоспарланып отырғанын айтып өтті. Оның айтуынша, бұл қаржыландырудың тұрақтылығын қамтамасыз етіп, өңірлер арасындағы теңгерімсіздікті азайтуға мүмкіндік береді.
Ал бюджет кірісінің жоспардан кем болуын ол әлемдік нарықтардағы тұрақсыз жағдаймен және экспорттық кірістердің азаюымен байланыстырды. Оның айтуынша, кірістің толық көлемде түспеуіне бірнеше фактор әсер еткен.
«Өздеріңіз білетіндей, әлемдегі геосаяси жағдайға байланысты 2025 жыл өте құбылмалы болды. Мысалы, бюджетте мұнайдың бір баррелінің бағасы 75 доллар деңгейінде жоспарланған болса, жыл соңында оның орташа бағасы 69,1 доллары болып шықты. Доллардың теңгеге шаққандағы бағасы 470 теңгеден 538 теңгеге дейін өсті», – деді Серік Жұманғарин.
Нәтижесінде, оның айтуынша, экспорт көлемі 82,3 млрд доллардан 77,3 млрд долларға дейін төмендеген. Осының бәрі бюджет кірісіне кері әсер еткен.
«Мысалы, 2025 жылы корпоративтік табыс салығынан (КТС) түскен түсім 4,5 трлн теңгеге жетті, бұл 2024 жылмен салыстырғанда 24 пайызға жоғары. Бірақ соған қарамастан, жоспардан 11 пайызға төмен болды. Яғни түсім өскенімен, жоспар өте жоғары деңгейде бекітілген еді. Бұл сыртқы нарықтардағы жоғары құбылмалылыққа байланысты болды – логистикалық шығындардың өсуі мен бағаның өзгеруі салдарынан ірі өндірушілеріміздің табысы азайды», – деп толықтырды ол.
Бұл ретте ол болжам нашар болды деп айта алмайтынын, бірақ сапасын арттыру бойынша әлі де жұмыстар жүргізілуі керек екенін айтып өтті.