Маржан Арапбаева: «Еңбегім еленді»
Танымал әнші Маржан Арапбаеваға профессор атағы берілді.
Алматы, NEGE. Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің басшылығы Маржан Арапбаеваны арнайы марапатқа ұсынды. Әнші инстаграм парақшасында өзі білім алған оқу ордасында өткен салтанатты шарадан бейнежазба қалдырды. «Өнер және мәдениет саласындағы еңбегімді елеп, профессор атағымен марапаттағы үшін Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің басшылығына алғысым шексіз. Осы ғылым ордасының түлегі болғаныма қуаныштымын», - деп ағынан жарылған.
Айта кетейік, Отандық шоу-бизнесте мемлекеттік қызметті абыроймен атқарып жүрген өнер өкілдері жетерлік. Соның бірі Сәкен Майғазиев. «МузАРТ» тобының белді мүшесі Т.Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық өнер академиясының проректоры. Қазір әншілікпен қоса, лауазымды қызметті бірге алып жүр.
Әріптесі Мейрамбек Бесбаев ағымдағы жылы Алматы қаласы әкімдігінің мәдениет саласы бойынша штаттан тыс кеңесшісі болып тағайындалды.
Мөлдір Әуелбекова қазақ өнерінің қара шаңырағына айналған «Қазақконцерт» мемлекеттік концерттік ұйымының шығармашылық қызметтің басшысы қызметін атқаруда.
Ал, күні кеше профессор атанған Маржан ханым мемлекеттік мансабын шуы көп шоу-бизнеспен бірге арқалап жүре алар ма екен? Не де болса, Арапбаеваға толағай табыс тілейміз.