16 Мамыр 14:31
...

«Марқұм Шерзат мені ұрып жіберді» – Сотталушы Нұрқияс Ілиясовтан жауап алынып жатыр

Шерзат
Фото: Жоғарғы сот

Бүгін Жетісу облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының ғимаратында Шерзат Полаттың өліміне айыптау жөніндегі іс бойынша кезекті сот отырысы өтіп жатыр. 

Алматы, NEGE. Сотта айыпталушылар Д.Әскентай мен Н.Тоқтаубаев, А.Тоқтаубаев, кәмелетке толмаған Д.Ысқақтан жауап алу аяқталды, сотталушы Ілиясов Нұрқиястан жауап алу басталды.

«2024 жылы қазанның 3-нен 4-не қараған түні досым Сакиев Равиль екеуміз «Эйфория» кафесіне бардық. Кафеде көңіл көтеріп отырдық, екі қыз – Дана мен Эльмира келді. Артынша Абзал, одан кейін Азамат пен Шыңғыс келді. Сосын Нұрбол Думан екеуі келді. Отырдық, әңгімелестік, сыра іштік. Нұрбол мен Думан кетіп қалды. Олардың қайда кеткенін білмедім. Сосын кафе жабылды. Ол жерден шығып, сөйлесіп тұрған кезде Азамат немесе Шыңғыс екеуінің біреуі: «Нұрболды ұрып кетіпті, барып көмектесіп жіберейікші», – деді. Мен қай жақта, не үшін екенін сұрадым. Олар білмейтінін айтты. Тек Менделеев көшесінде екенін жеткізді. Бәріміз Mersedes кабан автокөлігіне бәріміз отырып, сол көшеге бардық. «Қамажай» дүкенінінң алдында 8-9 бала тұрды. Келдік, мен көліктен түстім. Көп адам тұрды, амандасайын деп едім бәрі ашулы болып тұрды. Мен: «Не болды, жігіттер? Не себепті ұрып қойдыңдар?» деп едім, сол сәтте сөзіме де жауап берген жоқ марқұм Шерзат келіп, мені ұрып жіберді. Мен артқа қарай шегіндім, сол уақытта Қаржаубай мырза дүкеннен пышақпен шықты. Дүрбелең болып жатқан кезде мылтық атылды. Бірінші рет атқан кезде мен үлгеремін деп ойладым, екіншісін оқтап жатқан кезде тартып аламын деп. Екіншісін оқтап үлгерді, мен қатып тұрып қалдым. Сол кезде Шерзат марқұм тағы да келіп мені ұрады. Тағы да артқа қарай шегініп кетемін. Сол сәтте екінші рет оқ атылады. Үшінші рет оқтап, бәріңді атамын деп артқа қарай шегінеді. «Бауырым, тоқта, таста мылтығыңды», деп бара жатқан кезде Шерзат марқұм, білмеймін, құлап жатқандай болды. Сол сәтте Нұрғанат барып, көтеріп жатқан кезде мылтығын астынан жұлып үлгердім де «прикладпен» екі рет ұрып жібердім. Сол жерде жедел жәрдем шақырыңдар деп, айқай-шу болып кетті. Сол кезде Азамат алдымнан шығып, мылтықты қолымнан алды да бәріміз көлікке отырып кетіп қалдық», – деді айыпталушы Нұрқияс Ілиясов.

Айтуынша, ары қарай «777» дүкеніне барып, бір заттар алған. Не зат алғаны есінде жоқ. Сосын көлікке отырып, Биатлон жаққа тартқан. 

«Биатлон жаққа барып, әңгімелесіп тұрдық. Содан төмен қарай түсіп келе жаттық. Сол кезде артымыздан бір көлік ілесті. Бізді тоқтатты. Сөйтсек, олар Талғарда полиция бөлімшесінде жұмыс істейтін кісілер екен. Олар бізге: «Mersedes кабанды ұстасын деген бұйрық келді. Сендер екен. Сендерді сол үшін тоқтатып жатырмыз. Адам қайтыс болып кетті. Көлікке отырыңдар», деді. Бәрімізді полиция бөлімшесіне алып кетті», – деді сотталушы.

Нұрқияс Ілиясов мылтықты алып келіп, оқ атқан Нұрғанат Ғайыпбаев екенін айтты.