USD
USD
USD

Марғұлан Сейсембай мен Арманжан Байтасов бәйбішеден туған ба?

Алматыда бес адамды бірдей атып тастаған Игорь Дужнов дейтін борышкердің әрекеті түрлі ойға жетеледі. Дужновтың қылмысын қандай жағдайда да ақтай алмаймыз, бірақ бұдан қорытынды жасауға әбден болады.

Марғұлан Сейсембай мен Арманжан Байтасов бәйбішеден туған ба?
Фото: NEGE.kz

Алматылық атқышқа қатысты оқиғаны қайталап айтып жатпаймыз. Бұл туралы ерінбегеннің бәрі жазды. Сот және банк жүйесіндегі көлеңкелі істердің, алаяқтардың кесірінен бес бірдей отбасы қара жамылды.

Белгілі кәсіпкерлер Марғұлан Сейсембай мен Арманжан Байтасовтың банктерге миллиардтаған қарызы туралы дерек бұрынырақта қолымызға түскен. Алайда оны жариялау «қоғам белсенділеріне қарсы әрекет» деп теріс бағаланбауы үшін суырмаға салып қойғанбыз. Соңғы оқиға сол деректерді суырмадан қайта шығаруға мәжбүр етті...

М.Сейсембай мен А.Байтасов. Фото: businessfm.kz

Алдымен Марғұлан Сейсембайдың қарызы туралы.

Борышкерлер реестрінде М.Сейсембай мен тағы екі адам «Forte Bank» АҚ-ға жалпы сомасы 2 млрд теңгенің үстінде қарыз екен. Қарыздарды қайтару сот орындаушының өндірісіне 2016, 2019 және 2021 жылдары түскен.

Бір таңғаларлығы, «қарызды қайтар» деп сот орындаушылары оны жағасынан алып, үйінен қуып жатқан жоқ. Жүріп-тұруына, яғни шетелге шығуына да ешқандай шектеу қойылмаған. Мұны бизнесменнің ел аралап, қалай ақша табудың жолын үйретіп жүрген әйдік сапарларынан байқауға болады. 

Ел арасында сөз жата ма, қоғам белсендісі соңғы рет «мені қудалап жатыр, қамауы мүмкін» деп байбалам салғаннан кейін жоғарыдағы әлдекімдермен келіссөз жасасып, қол алысып, шетелге шығуға мүмкіндік алғанын айтып жүрген біз емес.

Бұған Марғұлан Қалиұлының әлеуеті жетеді, ол өзін қанша жерден «саясаттан аулақпын» деп көрсеткісі келгенімен, қазіргі айналысып жүргені – қып-қызыл саясат. Сондықтан жоғарыдағыларға да Марғұлан Сейсембайдың ісін суырмадан қайта суырып алып, құзырлы органдарға тапсыру – оңай шаруа. Мәселе келісімнің шарттарында және ол шарттарды М.Сейсембайдың қаншалықты орындауында болса керек...

Енді Арманжан Байтасовтың қарызы жайында.

Байтасов пен Ко-ның қарызын есептеуге қолымыздағы шағын калькулятордың саны жетпей қалды. Дерекке қарағанда, Арманжан Байтасов пен оның бизнес әріптестерінің «Bank RBK» АҚ-ға қарызының бас-аяғы 9 млрд теңгеден асып түсті! Қарызды қайтару өндірісінің екеуі де биылғы жылдың еншісінде.

А.Байтасов. Фото: forbes.kz

Өткен аптада А.Байтасовтың Алматы қалалық мәслихатындағы депутаттық өкілеттігі тоқтады. Мұны медиа-магнат «ел аумағында және жақын шетелдерде ірі медиа жобалар жасауымен» түсіндірді.

Қолда бар дерекке қарағанда, А.Байтасовтың шетелге шығуына шектеу қойылған. Сонда ол қалай «жақын шетелдерде» бизнес жасамақ? Құжат бойынша шекарадан аттап басуға құқығы жоқ емес пе?

Соңғы оқиға бір нәрсеге көзімізді жеткізгендей болды: сот та, сот орындаушысы да, банктер де адамдарды алалайды. Борышкер Дужновқа бұл жүйе басқаша қарады. Мұның аяғы немен тынғаны белгілі. Ал Байтасов пен Сейсенбайға мүлдем басқаша көзқараста. Өйткені олар істің көзін табады.

P.S. Қазақта «Қарыз алдың – қайғы алдың» деген мәтел бар. Жалпы дөп айтылғанымен, қазіргі біздің қоғамда бұл мәтелдің жекелеген адамдарға қатысы жоқ сияқты көрінеді...  

Қазір оқып жатыр

Алматы облысында Отан қорғаушылар күні айрықша аталып өтті

.

Ұрып-соғып, үтікпен күйдірген: Шымкентте балаларына қорлық көрсеткен ана сотқа тартылды

сот

Қытайда екі экс-қорғаныс министрі өлім жазасына кесілді

Сот балғасы

Үкімет курьерлер мен таксишілерге төленетін әлеуметтік төлемдер мәселесін шешу жолын іздестіруде

Курьер