11 Мамыр 20:48
...

Марат Тоқашбаев: Конституциялық сот жаңадан емес, қайтадан енгізілді

Фото:

Алматыдағы ҚР Ұлттық кітапханасында ақын-жазушылар, қоғам қайраткерлері жиналып, Ата заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу жөнінде республикалық референдум өткізу жайын талқылады. Жиынды ҚР Жазушылар одағының басшысы Ұлықбек Есдәулет ашып берді. 

Көп ішінен сөз алған белгілі публицист Марат Тоқашбаев Ата заңға енгізілетін конституциялық сот ешқандай жаңалық емес екенін айтты. 

«5 шілдеде өтетін референдумды талқылап жатырмыз. Өте орынды. Бірақ, небәрі бір айдан кейін өтетіні асығыс секілді. Айтып отырған баптың біразы 1995 жылы 30 тамызда қабылданған конституцияда қарастырылған. Сол референдумда қабылданған нұсқада конституциялық сот бар болатын. 3 жылдан кейін ол алынып тасталды. Яғни, конституциялық сот жаңадан енгізіліп отырған жоқ, қайтадан енгізіліп отыр», – деді Марат Бәйділдаұлы. 

Осыған дейін әр жерде, әлеуметтік желіде «Ата заңға 30 жылда пәлен рет өзгерту енгізілді» деген әңгіме айтылып жүрді. Публицист оны да айтып өтті. 

«Қазіргі конституцияда Назарбаев үшін керемет «лазейка» жасалған. «Конституцияға өзгерістер мен толықтыруларды парламентте енгізе алады» деген норма әлі де сақталып отыр. Соның нәтижесін қараңыздар, 1998 жылы 19 рет, 2007 жылы 41 рет, 2011 жылы 1 мәрте, 2017 жылы 31 және 2019 жылы 1 рет Ата заңға өзгерту енгізілген. Небәрі 98 баптан тұратын конституцияға 93 өзгерту енгізілді. Бұл 1993 жылы қабылданған демократиялық Ата заңымыздан 180 градусқа өзгерген, жеке адамның диктатурасын, авторитарлық билікті нығайтуға арналған Нұрсұлтан Назарбаевтың «черновигіне» айналған», – деді Марат Бәйділдаұлы. 

Шараға жиналғандар Мемлекет басшысының Жаңа Қазақстанды құру үшін референдум жасап, батыл қадамға барғанын құптады. Бірақ, конституцияға өзгеріс енгізуде ескерілуі керек талай жайт барын айтты. 

Тегтер: